Қазақстанда жеңіл көлік бағасы қандай жағдайда екі есеге дейін арзандайды?
Қоғам белсендісі Нұраддин Садық утиль алымының мөлшері Еуропа елдеріндегі деңгеймен шамалас болуы керек екенін айтады.Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың утиль алымының мөлшерлемесін қайта қарай бастамасына қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
"Біріншіден, автокөліктерге төленетін утиль алымы Еуропаның дамыған мемлекеттеріндегі көлемнен аспауы керек, яғни ол қымбат дегенде 200 еуро шамасында. Ал ең арзаны нөл еуродан басталады. Мысалы, Германияда нөл мен жүз еуро айналасында, Бельгияда – 80 мен 200 еуро, Голландияда – 80 еуро, Жапонияда – 60 еуро. Бізде де осы деңгейде болуы керек деп ойлаймын, яғни 200 еуродан аспауы керек. Теңгеге шаққанда көп дегенде 100 мың теңгенің айналасы", – деді Нұраддин Садық.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев: Утиль алымын жинаумен РОП операторы емес, мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс
- Утиль алымының коэффициенттері қанша болуы керек?
Ол сырттан келген көлікті алғашқы есепке қою алымының да көлемі өте жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, сомасы утиль алымымен бірдей: орта есеппен алғанда – 1,5 миллион теңге шамасында.
"Өте қымбат. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Бұның да шекті деңгейін Ресейдегі шамамен қою керек. Онда алғашқы есепке қою алымының мөлшері өте төмен. Қазақстанда да ең көп дегенде 100 мың теңге айналасында белгілеу қажет. Одан кейін техрегламент деген ойдан құрастырған кедергі бар. Оған сәйкес қазір Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына сәйес сертификат алуымыз керек. Ресейліктердің өздері тұтынбайтын, ойға сыймайтын стандарттар ойлап тапқан. Оған қазіргі таңда 500 мың теңге шамасында ақша кетіп отыр. Осындай кедергілер алынып тасталса, жеңіл көліктің бағасы шамамен кемінде екі есеге арзандайды. Қазір 12-13 миллион теңге тұратын көліктер әрі кеткенде 5,5-6 бес миллион теңгеге түседі", – деді қоғам белсендісі.