Қазақстанда заңсыз майнерлер мың мегаваттан астам электр энергиясын тұтынып отыр
Ал тіркелген, яғни "ақ" майнерлердің үлесі – 400 МВт шамасында.Елде заңсыз майнинг көлемі 1 000 мегаватты құрайды. Осы орайда, криптоброкерлік компанияның бас менеджері Ғимран Әбдірахманов майнерлерді лицензиялап, тиімді шарттар ұсыну керектігін алға тартты. Бұл туралы "Қазақстан" ұлттық арнасының "Ашық алаң" бағдарламасында айтылды.
"Қазақстанда орнатылған қуат көзі 23 900 мегаватты құрайды. Олардың ішінде екі гигабайт жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Олар өте тұрақсыз болғандықтан, баланста көрсетілмейді. Тікелей күн мен желге тәуелді энергия көздері бұлар. Оның үстіне бізде көптеген станция өткен ғасырдың екінші жартысында салынған, барлығының тозығы жеткен. Қолымызда бар қуат 15-16 мың мегаватты құрайды. Ол халықты күнделікті тұтынатын электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Өкінішке орай, майнинг әсерінен бізде жарықтың өшулері болып жатыр", – деді Энергетика министрлігінің дамыту және интеграция басқармасының басшысы Болат Тұяқбаев.
Сондай-ақ, ол Ресей мен Қазақстан арасында осы салаға қатысты екі мемлекеттің бірігіп жұмыс істеуі туралы шарт бар екенін бөлісті. Яғни, қуат көзіне қатысты қандай да бір ақау пайда болғанда бір-біріне көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанды энергия дефицитінен не құтқарады?
KEGOC АҚ ұлттық электр тораптарын дамыту департаменті перспективалық даму бөлімінің басшысы Нұрбол Нұртаза елде жарықтың жиі сөнуіне негізінен заңсыз майнинг себеп болып отырғанын айтады.
"2021 жылы электр энергиясының тапшылығын сезіндік. 2019-2020 жылдары дефицит 2%-дан өсіп отырса, өткен жылы күрт 6%-ға өсті. Электр станцияларының жағдайы бар. Екіншіден, біздің сараптамамыз бойынша заңсыз майнинг 1 000 мегаватты құрайды. KEGOC компаниясынан "ақ майнинг" түрінде 400 мегаватт қана алған. Барлық энергия жүйесіндегі ақауға заңсыз майнинг себепші болып отыр", – деді Нұрбол Нұртаза.
Мұнымен қатар, ол өнеркәсіп пен халық электр қуатынсыз қалмауы үшін KEGOC-тың майнингтік компанияларға шектеу қойып жатқанын айтты. Десе де әлі заң бұзушылардың көп екенін жасырмады.
"Неге майнингтік компаниялар әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр? Өйткені, олар кезінде техникалық шарттарын басқа қызмет түрінде алған. Ал осы техникалық шарттарды өзгерту қиын мәселе. (...). Егер бәрін "ақ" ететін болса, кәсіпорын мен зауыттың электр энергиясына ақша төлеуі керек болады. Бұл саланы ретке келтіру үшін лицензиялап, қандай да бір шарттар ұсыну қажет", – деп түсіндірді криптоброкерлік компанияның бас менеджері Ғимран Әбдірахманов.
Еске салсақ, Алматы қаласында бірнеше ауданның жарықсыз қалғаны туралы хабарлаған едік.