Қазақстанды энергия дефицитінен не құтқарады?

Жыл сайын энергия тұтыну 2% өседі деп күтілгенімен, биыл көрсеткіш үш есе артық болды.

Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жыл санап артып келеді. Жыл сайын энергия тұтыну 2% өседі деп күтілгенімен, биыл көрсеткіш үш есе артық болды. Елдің оңтүстігінде энергия тұтыну 11,8%-ға өссе, солтүстікте өсім 5,8%, ал батыста 6,6% болды.

29 қазанда Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысына Қазақстанның электр энергетикасы саласының 2035 жылға дейінгі даму жоспарын таныстырды. Алдағы 10 жылда энергия тұтыну тек арта беретіндіктен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға күш салынады. Министр сондай-ақ тіркелмеген майнерлер, яғни криптовалюта өндірушілер орта есеппен 1 200 МВт электроэнергиясын тұтынатынын да атап өтті. Бұл мәселені бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуының қонақтары талқылады.

Электр энергиясын тұтыну жылына 1000 мегаваттқа артып отыр

Сәрсенбек Құлбай, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша аймақтық департаментінің басшысы:

– Қазақстанда электр энергиясын тұтынуды жоспарлау әр жыл басында жасалып, 5 жылға есептелген схемада белгіленеді. Соған қарап құзырлы министрлік жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвестиция тартады. Егер электр энергиясын тұтынуға талдау жасап қарайтын болсақ, оның жыл сайын орта есеппен 3 пайызға артып отырғанын аңғаруға болады. Мәселен, 2019 жылы 21 мың МВт электр энергиясы тұтынылса, 2020 жылы көрсеткіш 22 мың МВт болды. Биыл – 23 мың МВт. Бұл жердегі мәселе – осы 23 мың МВт-тың қанша бөлігін тұтынушылар алып жатыр? Жыл сайын тұтынушылық мың мегаваттқа артып отыр. Бұл Қазақстанның жүйелік операторының мәліметі. Ресми. Майнинг компанияларының электр энергиясын тұтынуын Энергетика министрлігі қадағалайды. Жақында арнайы заң күшіне енеді. Қатардағы тұтынушылардың электр энергиясын шектеусіз алуына толық мүмкіндік жасалады.

Энергия дефицитін қалай болдырмаймыз?

Жұбаныш Әбдімұратов, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Энергетика және байланыс университетіне қарасты Электротехника институтының директоры:

– Электр энергиясын тұтынудың 2 пайызға өсімі – бұл болжам. Әрине, мұндай көрсеткіш кәсіпорын мен тұтынушыға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Әр қңірдің өзінің энергия дефициті бойынша көрсеткіші болады. Бұл ретте оңтүстік өңірлер алдыңғы қатарда. Қазақстанда энергетикалық жүйе үш бағытқа бөлінеді: Солтүстік, Батыс және Оңтүстік. Солтүстікте ең ірі өнеркәсіп шоғырланған. Сәйкесінше, ол жақта дефицит байқалмайды. Ал оңтүстікте жағдай басқаша. Өкінішке қара, бұл аймақта дефицит жыл өткен сайын арта түседі. Энергия тұтынушылық та өсетіндіктен, оңтүстікте энергия өндірудің жаңа көздерін табуымыз керек. Меніңше, мұның бірнеше жолы бар. Біріншіден, Екібастұздан келетін желілердің электр энергиясын өткізу  мүмкіндігін арттыру керек. Екінші жол – гидроаккумуляторлық электр станциялары. Бұл әлем елдерінде қолданылса да, неге екенін, Қазақстанда қолға алынбайды. Меніңше, дәл осы бағытты дамыту керек. Әрі тиімді, әрі құны да аса жоғары емес.

Энергетикалық қауіпсіздікке "сұр майнерлер" қауіп төндіреді

Аслан Қуатбек, Блокчейн және дата орталық индустриясы қауымдастығының бас заңгері:

– Бізде майнингке қатысты стереотип қалыптасып үлгерген. Бәрі майнерлерді бай, Қазақстанда пайда тауып, өздері шетелде тұратын адамдар секілді көреді. Олар салық төлемейді, тек пайда көреді деп ойлайды. Бұл шындыққа жанаспайды. Анығында, майнинг – өндірістің бір саласы. Бірақ, заңды майнингпен қатар оны заңсыз іске асыратындар да бар. Олардың "сұр майнер" деп атайды. Олардың жұмысын ешкім бақыламайды, заңсыз жұмыс жүргізеді. Энергетикалық қауіпсіздікке, міне, дәл осындай сұр майнерлер қауіп төндіреді деп ойлаймын. 

Энергетика – инвесторлар үшін тартымды сала емес

Советхан Нұрпейісов, Қазақстан энергетиктері қауымдастығы Энергетика ардагерлері кеңесінің төрағасы:

– Кез келген инвестор, ол компания не мемлекет болсын, ең алдымен пайда табуды көздейді. Пайда түспейтін болса, олар өндіріске не құрылысқа қаржы құймайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары энергетика саласына салынған инвестиция мардымсыз. Қазақстандық станциялар Кеңес дәуірінде салынған. Қазіргі ақ шашты аталардың жас күнінде салған станциялары әлі күнге дейін қызмет етіп тұр. Оларға жөндеу жұмыстары қажет. Бірақ, оларға ешкім инвестиция салмайды. Өйткені, тиімсіз.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 27 қараша күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары