Қазақстанда алты апта қатарынан қант пен қарақұмық арзандады. Күнбағыс майының бағасы төрт аптадан бері төмендеп келеді, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Бір апта ішінде қарақұмық, күнбағыс майы (-0,6%), картоп (-0,5%), қант, тауық еті (-0,2%), сәбіз және ұн (-0,1%) арзандады. Макарон өнімдері мен тұздың бағасы өзгерген жоқ.

"Апта ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында баға тұрақты болды", – деді министрліктегілер.

Орташа алғанда бір аптада әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 0,1%-ға өсті. Пияз – 1,3%-ға, сүт – 0,7%-ға, айран – 0,6%-ға, күріш – 0,3%-ға қымбаттады. Республика бойынша қордағы пияздың келісі орта есеппен 150 теңгеден, картоп – 149 теңгеден, сәбіз – 131 теңгеден, қырыққабат – 105 теңгеден сатылуда. Ақпан айының басынан бері қордан 53 497 тонна көкөніс сатылды.