Қазақстанда 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж
2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда пайдалануға берілетін тұрғын үйді жыл сайын 200 мың шаршы метрге арттыру көзделген.Қазақстанда 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында мәлімдеді, деп жазды Үкіметтің ресми сайты.
Әлихан Смайыловтың баяндауынша, өткен жылы 130 мыңнан астам қазақстандық отбасы баспана жағдайын жақсартқан. Оның ішінде Астана, Алматы қаласы және Алматы облысында жоспар асыра орындалған. Ал Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалған. Ал биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатыр.
"Баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызы өте зор. Бұл еліміздің ірі қалаларында барынша өзекті болып отыр. Бүгінде 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Аталған мәселені біртіндеп, жүйелі түрде шешу керек. Бізде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар бағыттар көзделген", – деді Премьер-Министр.