"Қазақстан халқына" қоры 20 мың баланы жазғы тегін демалыспен қамтиды
Су тасқыны болған өңірлердегі 3883 бала сауықтыру орталықтарында тегін демалады.Жазғы демалыспен, сауықтырумен және еңбекпен 1-10 сынып оқушыларының 92%-ы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 600 мыңға жуық баланы қоса алғанда, барлығы шамамен 2,9 млн бала қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда. 187 демалыс орталығының 150-і 1-10 маусым аралығында іске қосылуда. Ал қалған 37 демалыс нысаны өз жұмысын 15 маусымнан бастайды", – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Кімдер лагерьге тегін жолдама ала алады?
Жазғы демалысқа тегін жолдамаларды:
- атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардың балалары;
- жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен АӘК алмайтын отбасы балалары;
- жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдайлар салдарынан жедел көмек қажет ететін отбасы балалары;
- өзге де санаттағы мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары мен тәрбиеленушілері ала алады.
Оқи отырыңыз: Балаларды жазғы лагерьге қалай тегін жіберуге болады? Ата-анаға арналған нұсқаулық
Тегін жолдама алу үшін қайда жүгіну қажет?
Ата-ана не қамқоршылар баласының қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуға жолдама алуы үшін құжаттарды тапсыра алады:
- Офлайн: облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қаласының білім басқармаларына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына; ХҚКО-ға.
- Онлайн: eGov порталы арқылы, ЭЦҚ болуы қажет.