Балаларға арналған Қазақстан этностары ертегілерінің жинағы алғаш рет қазақ тілінде басылып шықты, деп хабарлайды ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. 

"Еліміздің түрлі этносының әдеби мұрасы ретінде "Қазақстан халқы ертегілері" кітабы Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен бірге алғаш рет қазақ тілінде шығарылды. Мақсатты аудиторияны және жинақ мазмұнының сәйкестігін анықтау үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясында сараптама жүргізілді", – делінген министрлік хабарламасында.

Жинаққа Қазақстанның кәріс, неміс, шешен-ингуш, еврей, грек, мордва, литва, поляк және т.б. 25 ірі этностың 114 халық ертегісі енді. Кітаптың жалпы таралымы – 4 000 дана (әр бөлігі 2 000 данадан), екі томнан тұрады. Әрқайсысы 4-7 және 8-11 жастағы балаларға арналған. 

Кітаптар білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктеріне мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне, сондай-ақ, еліміздің кітапханаларына тарату үшін жіберілетін болады. 

Еске салсақ, Ташкентте қазақ-қарақалпақ халықтарының ортақ әдеби мұрасы туралы оқулықтың жарық көргені туралы хабарлаған едік. Оқулық Өзбекстандағы ЖОО-лардың қазақ тілі және әдебиеті факультеттерінде оқытылады.