Қаллеки театры "Қыз Жібек" драмалық операсын сахналайды
Үш актілі спектакльдің ұзақтығы – 4,5 сағат.Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 24-25 қазан күндері "Қыз Жібек" драмалық операсын сахналайды. Бұл жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы мен Қаллеки театрының 50-ге жуық актері үшін тың туынды болғалы тұр.
Қазақстанда опера жанры XX ғасырдың 30 жылдары туды. 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы "Қыз Жібек" драмалық опера түрінде сахналанды. Қаллеки театры ғасырға жуық уақыттан кейін ұлтымыздың інжу-маржанын көрермен назарына драмалық опера жанрында қайта ұсынғалы отыр. "Жаңаны тудырғың келсе, өткенге қайта орал. Бәрі басталған нүктеге..." дейді режиссер.
"Алғашқы операмыз әу баста драмалық опера жанрында жасалған. Мен де опера не драмның бірін таңдамай, екеуін қиыстырып драмалық опера қоюды жөн көрдім. Жанрларды біріктіру қиын, себебі бір жанр екіншісін басып тастамауы керек. Жаңа ештеңе ұсынбаймыз. Тамырымызға оралып, туындыға жаңа қырынан қарап көруге шақырамыз. Спектакльге көп дайындалдым, бірақ енді ғана қойғалы жатырмын", – деді Әлібек Өмірбекұлы.
Оқи отырыңыз: "Театр актерлері сериалға амалсыз түседі". Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбаевпен сұхбат
Қаллеки актерлері дайындықты жеті ай бұрын бастап кеткен. Осыншама уақыт бойы опера әншілері секілді ән шырқамаса да, қойылым сапалы шығуы үшін барын салып жатыр. Оған қоса үш актілі спектакльдің ұзақтығы – 4,5 сағат.
"Ұлттық тақырыпты алғаннан кейін актерлер орасан зор жауапкершілікті арқалап отыр. Біз қойғалы отырған кей дүние көрерменге ұнамауы мүмкін. Спектакльде қойылған дүниемен бәрі келісе бермейді. Адамдарды, аға буынды ренжіту ойымда жоқ. Дау да болады. Оның бәріне дайынбыз", – деді режиссер.
Әлібек Өмірбекұлы кей театрлар шығарманы бұрмалап, қате жіберетінін, ал өзі сол уақытқа оралу мүмкін болмаса да, тарихта өткен оқиғаға оралуға болатынын айтты. Ол "Қыз Жібекті" Сервантес пен Шекспирдің классикалық шығармаларымен қатар қойды.
"Қыз Жібек" операсының либреттосын Ғабит Мүсірепов, музыкасын Евгений Брсиловский жазған. Олар эпостағы сюжетті барынша қысқартқан. Опера Бекежанның Жібекке көңілі бар екенін білдіруден басталады. Ал мен либретто желісін өзгертіп, эпосқа сүйенгім келді. Базарбайдың тоғыз баласын жерлегенінен бастаймыз. Ұзақ күткен баласы Төлеген, оның артынан тағы ұл дүниеге келеді. Төлеген қалыңдық іздеуге аттанады. (...) Классикада уақыт жоқ. Ол кеше болған, бүгін болып жатыр, ертең де болады. Классикадан классика жасағым келеді", – деді Әлібек Өмірбекұлы.
Оқи отырыңыз: Әуезов театрында – жаңа премьера. "Құйын" драмасының айтар ойы қандай?
Режиссер өзі қойған спектакльдерінде сахнадағы декорация мен костюмдерге айрықша көңіл бөледі. "Қыз Жібекте" актерлер бір ғана түсте өрнексіз стильді ұлттық костюмдерді киіп шығады. Сахнада ешкім бірін-бірі ұрып жықпайды. Режиссер сахнада төбелесу қазіргі заманда артық екенін айтып отыр.
Премьераға 50 актер, 36 оркестр мүшесі, техникалық және шығармашылық құрамды қосқанда 120 адам жұмылдырылған.
- Шығарма авторы – Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Ғабит Мүсірепов.
- Сахналық нұсқаның авторлары – Мирас Әбіл, Ләззат Алпысбаева.
- Композитор – Евгений Брусиловский.
- Қоюшы режиссері – Әлібек Өмірбекұлы.
- Дирижер – "Мәдениет саласының үздігі" Ерлан Бейсембаев.
- Хормейстер – Ержан Сансызбаев.
- Қоюшы суретші – Әлібек Өмірбекұлы, Шынар Елембаева.
- Костюм бойынша суретші – Шынар Елембаева.
- Дыбыс режиссері – Ләззат Қыстықбаева, Абылай Энгельс.
- Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов.
- Режиссер көмекшісі – Гүлжан Әбдібаева.