Тікелей эфир

"Театр актерлері сериалға амалсыз түседі". Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбаевпен сұхбат

Фото: kaztheatre.kz
Фото: kaztheatre.kz
8 мамырға дейін гастрольдік сапар аясында Қаллеки театрының қойылымдарын Алматыдағы Әуезов театрында тамашалауға болады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Алматы қаласына гастрольдік сапармен келді. Осы орайда Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев театр тынысы туралы айтып, журналистердің сұрағына жауап берді.  

– Гастрольдік сапардың мақсаты қандай?

– Гастрольдік сапарға келгенде арнайы мақсат жоқ. 2020 жылы жаңа ғимаратқа көштік. Үлкен сахнада дүниеге келген жаңа қойылымдарды барша жұрт, әсіресе, өнер ордасы Алматы көрсін деген ниетпен осында алып келдік. 

2021 жылы театырымыздың отыз жылдығын атап өттік. Жаңа ғимаратқа көшкен кезге тұспа-тұс келді. Ескі ғимаратта жабылып қалған мұражайымызды қалпына келітірдік. Ол жерде театрымыздың атымен аталатын қазақ театрының абызы Қаллекидің өзі ұстанған дүниелері, одан кейін Әзірбайжан Мәмбетов, Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев сынды ағаларымыздың жәдігерлері тұр. Спектакльдердің фотоальбомы соңғы рет 1996 жылы шыққан екен. Жаңа фотоальбом жарық көрді.

"Айман-Шолпан" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

– Алматыға жаңа қойылымдармен келдіңіздер. Театр қоржынында Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі қойған "Ғасырдан да ұзақ күн", "Ана, Жер-Ана" спектакльдері, Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбаековтің "Бір кем дүние", "Кеш", "Күн сәулесі түспеген" драмалары, Гүлжан Әспетова ойнайтын "Қымбатты Памелла" қойылымы бар. Байқасам, бұл спектакльдер репертуарда бірең-сараң жүріп жатады. Осындай Қаллеки театрының тарихында қалған спектакльдердің ендігі тағдыры қалай болмақ?

– "Ана, Жер-Анадан" басқасының бәрі ай сайын жүріп жатыр. Әзекеңің көзі – "Ғасырдан да ұзақ күн" спектаклі ай сайын не екі айда бір  Гүлжан апа да жасына қарамай "Қымбатты Памелла", "Зере" спектакльдерінде өз рөлін биік деңгейде сомдап жүр. Болат аға қойған "Кеш" спектаклі әлі репертуардан түскен жоқ. 84 жасқа қараған Рымкеш апамыз әлі күнге дейін сахнада жүр. Қаншама спектакліміз тоқтап қалды. Бір спектакль бір спектакльге тақырыбы сай келмейді. Кей кезде алдыңғы спектакль жаңа спектакльге орын беріп жатады. Оның үстіне құрқылтайдың ұясындай ескі ғимаратта қойылған дүниелерді жаңа сахнаға икемдеудің өзі үлкен жұмыс болды.

Театрда жүрген спектакльдің көбі сахнаға сай келмегендіктен, техникалық ауысымдарға байланысты, қажет болғаннан кейін де біразы амал жоқ репертуардан түсіп қалды. Өкінішке қарай, өзіміз де ойнайтын жақсы спектакльдермен қош айтысуға тура келді.

"Дон Кихот" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

Оқи отырыңыз: Қаллеки театры Алматы мен Астанада қандай қойылымдар қояды? Мамыр репертуары


Сіз айтқан спектакльдердің бәрі репертуарда бар, жүріп жатыр. Қазір театрымызда үш зал бар. Тіпті төртінші сахнаны қостық. Паркингте жаңа форматта драмедия жанрында "01" деген спектакль қойдық. Театрда нақты салынған 600 адамдық үлкен зал, 200 адамдық кіші зал бар. Көркемдік жетекші болып келгенде бүкіл ғимаратты аралап, астына түскенде ағаш төселген алаң көрдім. Маған ол жер эксперименталды спектакльдер қоятын сахна, жастар өздерінің ойларын шығаратын алаң сияқты көрінді. Сол ойыма тұпса-тұс театрға жас актерлар алдық. Ішінде Бәзіл Сұлтанғазы деген жігіт "Ұйқым келмейді" драмасын сол алаңда сахналады. "Қаллеки" театр лабораториясы деп атадық.

Жастарды театрға тарту мақсатында спектакльді кешкі сағат тоғызға қойдық. Жастар кейде жұмыстан, сабақтан кеш босап жатады. Түнде бос уақытын сыртта өткізгенше, театрда өткізсін деп ойладық. Спектакль бір-ақ сағат жүреді. Кейбір кезде жастар ғашығына ұсыныс жасап жатады.

"Құнанбай" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

– Қаллеки театрында өз режиссерлеріңізден бөлек, сырттан жиі режиссер шақырасыздар. Мысалы, "Шиенің" режиссері Сергей Потапов, "Ләйлі-Мәжнүнді" қойған Барзу Абудраззаков, "Дон Кихотты" қойған Әлібек Өмірбекұлы, "Алтаудан ауған елдің" режиссері Фархад Молдағали, "Баян Сұлу - Қозы Көрпеш" трагедиясын қойған Гүлназ Балпейісова бар. Жақында Жастар театрының актері әрі режиссері Дәурен Серғазин "Қыз жиырмаға толғанда" мелодрамасын сахналады. Режиссерлерді немесе шығармаларды қалай таңдайсыздар?

– Біз алдымен өзімізде жоқ дүниені қойғызуға тырысамыз. Кейде өзіміз ұсынамыз, болмаса сол режиссерлердің өздері бірнеше спектакль алып келеді. Кейде басшылық ұсынған дүниелер де қойылып жатады. Мысалы, Сергей Потапов "Лир патшаны"  қойғысы келді. Аяқ астынан оған "Шиені" ұсынды. Барзу Абдураззаков 10-15 қойылым алып келді. Бірақ таңдау "Ләйлі-Мәжнүнге" түсті. Бірақ ешқандай жапа шеккен жоқпыз, өкінбейміз. Керісінше, спектакльдер өзгергені де дұрыс болды ма деп ойлаймыз. Жақында Жұлдызбек Жұманбай "Бопай ханымды" қойды.

"Алтайдан ауған ел" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

Алтайдан Анадолыға дейін 18 мың адам көшкен, бірақ 1800 ғана жеткен жиырма жылдық қаралы көш туралы бір де бір фильм не спектакль жоқ. Фархад Молдағали кітапты оқып отырып сахнаға ыңғайлаған. 2020 жылы "Құлагер" спектаклінің премьерасына келгенімде "Аға, мынадай дүние таптым" деп көрсетті. Сол жерде жапатармағай жармастым. 2021 жылы тәуелсіздіктің 30 жылдығына үлкен тарту болады деп ойлап, спектакльді бізге қой деп өтіндім.


Оқи отырыңыз: Театр сыншысы: Ұлттық классика – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес


Ұланмырза Қарыпбаевқа театрдағы үлкен буын актрисаларымызды рөлмен қамту үшін спектакль қою туралы ұсыныс жасадым. "Сен маған керексің" пьесасын қойды. Екі құраммен есептеген кезде апайларымызға бір-бірден рөл тиді. 

Әлібек Өмірбекұлын шақырған кезде ол да бірнеше спектакль ұсынды. Өзі де "Дон Кихотты" қойғысы келді. Әлемдік шығарма Қазақстанда мүлде сахналанбаған екен. Біз де келістік.

"Баян Сұлу - Қозы Көрпеш" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

Былтыр Алматыға гастрольдік сапармен келуіміз керек еді. Әзірбайжан Мәмбетов Әуезов театрының өсуіне қаншама еңбек сіңірді. Тура дүниеден өтер алдында он жыл бұрын соңғы күшін біздің Қаллеки театрына сарп етті. Әуезов театрындағы актерлер көрген Әзекеңнің мектебін біз де көріп үлгердік деп мақтанышпен айта аламыз. Әзекеңнің спектакльдерін қайтадан қалпына келтірмек болып былтырғы гастролімізді Әзірбайжан Мәмбетовтің тоқсан жылдығына арнамақ болғанбыз. Бірақ жоспар өзгеріп, Семейге бардық. Алматыға биыл ғана ат басын бұрдық.

"Қозы Көрпеш - Баян Сұлуды" сахнаға қайта оралттық. Бірақ Әзекеңнің қойған нұсқасы емес, керісінше, жас режиссер Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік акадмиялық драма театрында жұмыс істейтін Гүлнәз Балпейісова көзқарасымен қойылды. Атауы да "Баян Сұлу - Қозы Көрпеш" деп өзгерді. Үлкен резонанс тудырды. Ұнатқандар да, ұнатпағандар да болды.

"Шәмші" спектаклі / Фото: kaztheatre.kz

– Осындай эксперименттерге қалай қарайсыз?

– Кезінде Еркін Жуасбек театр басшысы болғанда "Айман-Шолпан" қойылды. Қазір жаңа сахнаға икемделіп, адамдарды көбейтіп, ансамбль жасақтап, жанды музыкамен көркемдедік. Сол жағынан кішкене өзгеріс бар. Кезінде бұл спектакль Әшірбек Сығай ағамыздың да көңілінен шықты. Фестивальде де оң пікір алдық. Ал "Баян Сұлу - Қозы Көрпеш" өзіме де қатты әсер етті. Экспериментке қарсы емеспін. "Бояушы деген сайын сақалын бояйды" демекші, шегінен шығып кеткені маған да ұнамады. Ол айтылды да. Пікірталас болды. Осылай театрда жүруіне мен де қарсы болдым. Бірақ режиссерге әсер ете алмаймыз ғой, ол солай көріп тұр. "Өзгерте алмаймын" деп өзінің пікірінде қалды. Көрермен арасында ғана емес, театрымыздың ішінде де пікірталас туды. Біріне ұнаса, біріне ұнамайды. Санасақ он саусаққа жетер-жетпес жауһарларымыз бар ғой. Қай нәрсе болса да шектен аспауы керек.

"Ұйқым келмейді" қойылымы / Фото: kaztheatre.kz

– Театр актерлерін кинодан, сериалдан жиі көреміз. Бірақ мақтаудан гөрі, сын көп. Бұған не дейсіз?

– Өзім де бір-екі рет алданып түсіп қалғаным бар. Оған түспей тұрған кезде басқа әріптестерімізді аяйтынмын, шыны керек. Қынжылатынмын, оларға ұрсатынмын. Одан бөлек, Астанаға барған кезде концерттерге қатысып, аз-маз қаламақының өзін айқайлап, төбелесіп жүріп әзер алғанбыз. Қаллеки актерлеріне де "келіспесеңдерші, түспесеңдерші" деп айтамын. Бірақ кімге кедергі боласың? Бәрі жан бағу үшін амалдың жоғынан түседі. Мысалы, театр актері мамандығын жылына кем дегенде жүз бала алып шығады. Соның жиырмасы ғана театрға келеді. Қалған сексені не істеп жүр? Тамада болып, арзан сериалдарға түсіп жүр. Олар түсе берсін, оқыды ғой әйтеуір. Ал көшеден оқымаған біреуді әкеліп түсіреді де, солармен бірге ойнайтып қояды. Театрда, кинода жинаған тәжірибең бар. Екі ауыз сөзді айта алмайды, сан рет дубль жасайды. Ойды бөліп, кедергі болады. Сонда қайдан ғана келістім деп ойлайсың.


Оқи отырыңыз: Кинотеатрлар неге әлеуметтік фильм көрсетуден қашады? Режиссермен сұхбат


Бірде сериалға түсуді ұсынғанда күніне мың доллар сұрадым. Сериалда ондай сома төлемейтінін айтты. "Түспеймін, рахмет" дедім. Біраздан соң 700 доллар ұсынды. Оған да келіспедім. "Театрда мұндай ақшаны бір айда алмайсыз ғой, қызықсыз" деді. Бұл менің кәсіби жұмысым. Сендер айналысып жатқан "халтура" емес. Сондықтан да мен өзімді құрметтеймін. Түсер болсам сұраған ақшаға сай жұмыс істейтінімді айттым.

"Бопай ханым" қойылымы / Фото: kaztheatre.kz

Кейбір әріптестерім имидж үшін былапыт киноға түседі. Түсінемін, конвейр. Ақша табу үшін жеңіл дүниеге кетіп бара жатырмыз. Эмир Байғазиннің "Өзен" фильміне түстім. Талай халықаралық фестивальдерден орын алып келді. Фильм прокатта екенін театрда жүріп естідім. Не жарнамасы жоқ. Кинотеатрда күндізгі уақытқа қойған. Төрт-бес досыммен бардым. Арттағы көрермендерді қосқанда сегіз адам көрдік. Қарның ашады. Адамды ойландыратын фильмдер жарнамаламанбайды. Ешкім келмейді, көрмейді.

Мен міндетті түрде сценарийге, кім түсетініне қараймын. Ой елегінен өткізіп барып келісемін. "Жоқ" деп айтсаң бағаңды көтересің. Керек болып тұрсаң міндетті түрде қойған талабыңа көнеді, шақырады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары