Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарының тұрғындарымен кездесіп, қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалардың мәселесі мен ұсынысын тыңдады. 


Оқи отырыңыз Мақсат Халық: Қант тапшылығы мәселесінің бір жылда шешілуі қиын


Облыс әкімдігінің деректері бойынша, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы – 6,1 мың га, ал 2021 жылы  5,6 мың га құрады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы Жамбыл облысы бойынша өнімділігі 310,9 ц/га-нан 160,3 мың тонна (2020 жылдан 26,8 мың тоннаға артық) қант қызылшасы өндірілді. Қант қызылшасының көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171,0 мың тоннаны құрады.

Қант қызылшасы алқаптарының азаюының негізгі себептері:

  • Өндірістің жоғары шығыны және экономикалық тиімсіздігі. 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Жанар-жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі жұмсалатын жұмыс күшіне қарамастан, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасы төмен болған кезде рентабельділігі төмен болуына алып келді.
  • Ылғалмен қамтамасыз ету мәселелері. Республиканың оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы байқалады. Сондай-ақ, фермерлерді техникалық жабдықтау мәселесі бар;
  • Қант зауыттары тозған. Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қант зауыттары қатты тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет. 

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар тәтті жеуді азайтты. Қант тапшылығының бұған қатысы бар ма?


Еске сала кетейік, 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында перзидент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істейтінін айтқан болатын. Олар жүктеменің тек 31 пайызын жауып отыр. Қазақстан 90 пайыз қант импортына тәуелді. 

"Бүгінде мемлекет қант саласын жандандыруға қомақты қаржы ресурстарын салып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері аталған шараларды іске асыру бәсекеге қабілеттілік деңгейін едәуір арттыруға және қазақстандық қант өндірушілердің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді деп пайымдайды", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Жетісу облысының фермерлерімен кездесуді жоспарлап отыр.