Перизат Қайраттан тәркіленген Lexus арнайы органдарға берілді, бірақ оны кім мінетіні құпия
Перизат Қайрат ісі бойынша тәркіленген Lexus LX 600 жол талғамайтын көлігі арнайы мемлекеттік органдардың қарамағына берілді. Алайда көлікті нақты қай орган пайдаланатыны туралы ақпарат құпия күйінде қалды.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Informburo сауалына берген жауабында, құны 79,1 млн теңгеге бағаланған көлік бастапқыда Қаржылық мониторинг агенттігі балансына бекітілгенін мәлімдеді. Автокөлік 2025 жылғы 1 желтоқсанда аталған ведомствоға тапсырылған.
Бұған дейін агенттік өкілдері көліктің өз балансында жоқ екенін айтқан еді. Кейінірек нақтыланған мәліметтерге сәйкес, Lexus арнайы мемлекеттік органдарға берілген. Олардың қатарында:
- ұлттық қауіпсіздік органдары;
- сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган;
- Мемлекеттік күзет қызметі.
Комитет нақты қай орган көлікті пайдаланатынын ашып айтудан бас тартты. Бұл шешім «Мемлекеттік құпиялар туралы» заң талаптарымен түсіндірілді.
Ресми жауапта мұндай мәліметтер барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты болғандықтан жария етуге жатпайтыны атап өтілген.
Айта кетейік, аталған көлік бұрын Гайни Алашбаеваның ағасының атына тіркелген.
Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол «Шапағат» медалінен айырылды. Оның анасы 7 жылға сотталды. Сот шешімімен олар 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге, сондай-ақ мемлекеттік баж бен сот шығындарын төлеуге міндеттелді.