Telegram мессенджерінің негізін қалаушы, кәсіпкер Павел Дуров бейорталықтандырылған құпия есептеу желісі – Cocoon (Confidential Compute Open Network) жобасының іске қосылғанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында жазды.

Жаңа жүйе жасанды интеллектті және TON (The Open Network) блокчейнін қолдана отырып жұмыс істейді. Дуровтың айтуынша, Cocoon қызметін пайдаланушыларға жасанды интеллектпен өзара әрекет барысында 100 пайыз құпиялылықты қамтамасыз етеді.

"Telegram-дағы автоматты аудармаға қатысты бірқатар сұраныстар қазірдің өзінде осы желі арқылы орындалып жатыр", – деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, Cocoon әзірлеушілерге Microsoft немесе Amazon сияқты орталықтандырылған провайдерлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен есептеу ресурстарын пайдалану мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, видеокарта иелері өз құрылғыларын Cocoon желісіне қосып, TON криптовалютасын нақты уақыт режимінде таба алады.