Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті оқулықтар сапасын қадағалауға арналған бұйрыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын қоғам талқысына ұсынды.

Бұл құжатта баспалар қандай жағдайда оқулықтағы қателерді түзетіп, өз есебінен қайта басып шығаратыны айқындалған. Айта кетейік, қадағалау жұмыстарын Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жүргізеді. Бұл орталық оқулық не оқу-әдістемелік кешенде қате табылып, алайда оны баспа мойындамаған жағдайда арнайы комиссия құрады.


Оқи отырыңыз: 


Бұйрыққа жаңадан енгізілуі тиіс 24-1 тармағына сәйкес, баспа мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт бойынша жергілікті атқарушы органдар сатып алған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің таралымын келесі жағдайда ауыстырады:

  • баспаның пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде жіберілген қателер, басқа да кемшіліктер анықталғанда;
  • арнайы комиссия қолданыстағы оқулықтар мен ОӘК жалпыға танымал және ғылыми фактілердің бұрмалануын, мәліметтерде (оқиға, күні, аты, тегі, әкесінің аты, атауы, дәйексөз, анықтама, заңдылық, ереже, аксиома, иллюстрация атауында) фактологиялық қателіктердің жіберілуін растағанда. 

Айта кетейік, арнайы комиссия құрамына ғылыми, білім беру және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енеді. Олардың саны тақ және бұрын сараптамаға қатыспаған болуы қажет. Шешім баспаның дәлелдеріне қатысты ықтимал қателіктерді жан-жақты және объективті қарау негізінде қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің жұмысына ақы төленбейді.