"Не жуынуға, не ішерге су жоқ". Алматының тұтас бір ауданы судан тарығып отыр
Тұрғындарды аптап ыстықта су таситын көліктің белгілі бір уақытта келмейтіні қатты қынжылтады.Алматының бүтіндей бір аудан тұрғындары бірнеше күннен бері судан тарығып отыр. Жұршылық ыдысты жинап жуып, суды толық үнемдеуге көшкен. Халық тіпті ауыз суды сатып алатын жағдайға жеткен, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Алматы тұрғыны Татьяна Бузинскаяның тау бөктерінде тұрып жатқанына 30 жылға жуықтаған. Бұрын мұндай жағдайға тап болмаған әйел енді қолымызға бөтелке алып, су іздеуге кіріскенін айтады.
Күнделікті тұтынатын суын құтыларға құйып, үнемдеп жұмсап жүр. Шомылу былай тұрсын, жуынудың өзі қиынға түсті деп отыр. Күнделікті қолданысқа суды су таситын көліктен алса, ауыз сузды сатып алуға мәжбүр.
"Міне, жүгіріп жүрміз, не тұрмысқа қолданатын су жоқ, не ішерге су жоқ. Тапқан тіршілік нәрін үнемдеп қана жұмсап күнелтіп жатырмыз", – дейді қала тұрғыны Татьяна Бузинская.
Оқи отырыңыз: "Су тапшылығы мәселесі шешіледі". Астанада жаңа ауыз су станциясының бірінші кезеңі іске қосылды
Тұрғындарды аптап ыстықта су таситын көліктің де белгілі бір уақытта келмейтіні қатты қынжылтады. Бірде таңғы 5-те келсе, енді бірде өтіп кеткенін естіп жатамыз дейді олар.
Ал дер кезінде су алып үлгермеген тұрғындар, амалсыз көше кезіп іздейді. Тұрғын үйде 200-ге жуық адам тұрамыз деген жұртқа биодәретхана жоқ екені де қолайсыз.
"Тым болмаса су таситын көлікті уақтылы келуін қадағаласа, соңынан іздеп әбден мезі болдық. Көлігі барлар басқа жақтардан алып келеді. Ал қарттарға тіпті қиын. Сонымен бірге ешқандай биодәретхана жақын маңда жоқ. Дәретханадан су ақпағандықтан, көп су сонда кетеді", – деді қала тұрғыны Ольга Манжеева.
Ал бүгін таулы аймақта орналасқан Кіші Алматы өзеніндегі жағдаймен танысқан мамандар күн күрт ысығандықтан, мұздық еріп жатқанын айтады. Осыған байланысты судың да түсі өзгеріп, лайлана бастаған.
"Таулы аймақтағы су көздері жобадан үлкейіп беріліп жатыр. Сондықтан қатты лай. Лай деңгейі көп болғаннан кейін сүзетін станцияларға су бере алмаймыз. Бере алмағаннан кейін тұтынушыларға беруді де шектедік", – дейді Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.
Қазіргі уақытта Медеу ауданында су таситын көліктердің саны 14-ке жетсе, ертең 18 көлік көпшілікке су таратады деп отыр. Ал литріне шектеуі жоқ суды қарапайым тұрғындар қалауынша алуына болады.
Сонымен бірге 28 биодәретхана орнаталыпты.