Тікелей эфир

"Су жоқ". Павлодар облысындағы Жаңатілек ауылынан жұрт жаппай көшіп жатыр

Кейінгі 30 жылда ауылдағы құдық суы тартылып қалған.

Павлодар облысы Жаңатілек ауылынан халық жаппай көшіп жатыр. Өйткені ауыл тұрғындары су ішіп отырған жалғыз құдық тартылып қалған. Соның кесірінен жұрт өзен суын тасып ішіп отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.  

Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылында қазір небәрі тоғыз түтін қалған. Мұндағы тұрғындардың көбі судан таршылық көрген соң, үйін тастап көшіп кетіпті. Кезінде бастауыш мектебі, мәдениет үйі бар кәдімгі елдімекен болған. Қазір болашағы жоқ ауылға айналды дейді тұрғындар. 

"Бұл ауыл бір кездері жақсы ауыл болған. Үлкен ауыл болды. Одан кейін мүлдем кейін кетті деуге болады. Ел ыдырап көше бастады. Жұмыс жоқ", – дейді Жаңатілек ауылының тұрғыны Еренғайып Мүбәраков.

Мұндағы жұрт бәріне төземіз, тек қинайтыны су тапшылығы дейді. Олардың айтуынша, су болса ауылдан ешкім көшпес еді. 

Ал қазір тұрып жатқандар ата-жұртын қимайды. Кейінгі 30 жылда ауылдағы құдық суы тартылып қалған. Тұрғындар өзі жаңасын қазып алайын десе, жақыннан су шықпайды. Сондықтан өзен суын мал да, адам да ішіп отыр. 

"Міне, біз ішіп жатқан су – осы. Біз де ішеміз, мал да ішеді. Сапасы туралы білмейміз. Әйтеуір ағынды су болғандықтан, алып ішіп жатырмыз. Басқа су жоқ ішетін", – дейді Жаңатілек ауылының тұрғыны Қайырбек Шамсүлеев.

Аудан әкімінің айтуынша, үш жыл бұрын Май ауданына топтық су құбыры арқылы жол бойындағы елдімекендерге су тартылған. Жаңатілек ауылы сырт қалып қойыпты. Шенеуніктер бұл жаққа бармайды да. Өйткені жол да жоқ. 

"Жол бойында су құбыры бар. Ол жерде гидрант кран, бәрі тұр. Жалғай салуға болады. Бірақ та ұзындығы үш жарым километр – ол бірсыпыра қаражат. Бюджеттен біз ақша бөліп бере алмаймыз, өкінішке қара"й, – дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин. 

Павлодар облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының дерегінше, ауыл халқының 95 пайызына таза ауыз су тартылған. Дегенмен бүгінде 54 елдімекен суға жарымай отыр.

Серіктестер жаңалықтары