Наурызда әлемде жолаушылар тасымалы өсіп, жүк тасымалы төмендеді
2026 жылғы наурызда әлемдік авиация нарығында жолаушылар тасымалы өсім көрсетсе, жүк сегментінде керісінше төмендеу тіркелді. Бұл туралы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) жариялаған жаңа есепте айтылды.
Есеп деректеріне сәйкес, 2026 жылғы наурызда жолаушыларға деген жаһандық сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға артқан. Бұл өсімге қарамастан, Таяу Шығыстағы жағдай нарыққа әлі деқысым түсіріп отыр.
Халықаралық рейстер көлемі 0,6%-ға қысқарып, 2021 жылдан бергі алғашқы төмендеу тіркелді. Ал ішкі тасымалдар, керісінше, 6,5%-ға өсіп, жалпы динамиканы ұстап тұр. Өткізу сыйымдылығы 1,7%-ға азайғанымен, жүктеме коэффициенті 83,6%-ға дейін жетіп, 3,1 пайыздық тармаққа артты.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі қысым факторы – Таяу Шығыс авиакомпанияларындағы тасымалдардың 60,8%-ға күрт төмендеуі. Соған қарамастан, өзге өңірлерде сұраныс өсімі сақталып отыр (+9%). Авиациялық отын бағасының жылдық мәнде 106,6%-ға қымбаттауы да сала үшін негізгі тәуекелдердің бірі ретінде аталып отыр.
IATA бас директоры Уилли Уолш жағдайға қатысты пікір білдіріп, Таяу Шығыстағы іркілістерге қарамастан сұраныстың сақталып отырғанын, алайда өңірдегі ахуал жаһандық өсімді тежеп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы кезеңде отын жеткізілімі мен бағасы шешуші рөл атқарады.
Ал жүк тасымалы сегментінде кері динамика байқалады. Наурыз айында жүкке деген сұраныс (CTK) 4,8%-ға төмендеген, оның ішінде халықаралық бағыттарда құлдырау 5,5%-ды құрады. Негізгі сауда бағыттары бойынша да әркелкілік байқалады: Африка мен Азия арасындағы бағыт ең жоғары өсімді көрсетіп (+22,6%), ал Парсы шығанағына байланысты дәліздерде күрт төмендеу орын алған.