Наурыз 2024: Шымкентте қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады
"Шаңырақ күні" аясында перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына "Наурыз базарлық" естелік кәдесыйлары табысталады.Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев 14-23 наурыз күндері қалада қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
- 14 наурыз "Көрісу күні – Амал мерекесі" іс-шарасы қаланың көрікті орындарында "Арбат" демалыс аймағы, "Абай" саябағы және "Астана" алаңынан бастау алып, орыс драма театрының ғимаратында жалғасады. Кешке Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында "Дариға-жүрек" поэтикалық толғау премьерасы өтеді. Іс-шараға қала әкімі, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысады.
- 15 наурыз "Қайырымдылық" күні аясында, қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларға арнайы мерекемен құттықтау іс-шарасы өткізіледі. Сондай-ақ, қала әкімінің қатысуымен көпбалалы аналар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар беріледі.
- 16 наурыз "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні" Наурыз алаңында мәдениет мекемелерінің ұйымдастырумен алты бөлімнен тұратын әдет-ғұрыптарды көрсететін музыкалық-театрландырылған "Шуақ шашқан әз-Наурыз" іс-шарасы өтеді. Сонымен қатар, қала кітапханасында "Көктем бояулары" атты қазақстандық суретшілер туындыларының көрмесі өтеді.
Оқи отырыңыз: Наурыз он күн мерекеленеді. Мейрамның жаңа логотипі бекітілді
- 17 наурыз "Шаңырақ күні" аясында перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына "Наурыз базарлық" естелік кәдесыйлары табысталады.
- 18 наурыз "Ұлттық киім кию" күні Шымкент қаласының мемлекеттік қызметкерлері ұлттық киім кию челленджін бастайды. Сондай-ақ, Көрме орталығында үш номинациядан тұратын "Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі", "Ең үздік күнделікті киім үлгісі", "Ең үздік жұмыс киім үлгісі" атты ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтеді.
- 19 наурыз күні "Жаңару күні" аясында қаланың саябақтарында көктемгі ағаш егу дәстүрі қолға алынады.
- 20 наурыз "Ұлттық спорт күні" ипподромда бәйге, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңімпаздар марапатталады.
Оқи отырыңыз: Түркістан, Ташкент, Дубай. Бес күн Наурызда қайда барып демалуға болады
- 21 наурыз "Ынтымақ күні" әлеуметтік желілерде зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қала тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтауы болады.
- 22 наурыз күндіз сағат 11.00-де Астана алаңында қала әкімінің қатысуымен "Армысың, әз-Наурыз" атты сахна өнеріндегі этникалық және заманауи үрдістерді үйлестіретін бір сағаттық музыкалық театрландырылған қойылым, ал, кешке гала-концерт өтеді. Алаңда 20-ға жуық киіз үй орнатылады. Сонымен қатар қаламыздағы "Әл-Фараби" және Наурыз алаңдарында, "Жеңіс" саябағында, Сайрам тұрғын алабындағы "Наурыз" саябағында, "Қажымұқан" атындағы орталық стадионда мерекелік думанды іс-шаралар өтеді.
- 23 наурыз "Тазару күні" тазалық эстафетасын бастап, қаланың көрікті жерлері мен саябақтарында, мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау жалпыұлттық сенбілік өтеді.