"Мультфильм киноның тасасында қалып қойған". Депутат балаларға арналған отандық анимацияны көбейтуді ұсынды
Оның айтуынша, бүгінде отандық өнімдер аз болғандықтан, бала тілінде шетелдік кейіпкерлер көп.Қазақстанда тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндер бірден үш тілді меңгеріп шығады. Бұған басқа тілдегі анимациялық мультфильмдер себеп болып отыр.Мәжіліс отырысында депутат Сайлау Наурызбай осы мәселені көтерді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Депутаттың айтуынша, бүгінде былдырлаған бала тілінде шетелдік кейіпкерлер көп. Алайда отандық өнімдер өте аз. Оның себебі анимациялық мульфилмдерге бөлінетін бюджетің басы басқаға бөлініп кетуінен болып отыр.
"Мультфильм киноға бөлінетін қаражаттың тасасында қалып қойып отыр. Яғни, мемлекеттен бөлінетін қаражаттың 80 пайызы ересектерге арналған киноның еншісіне кетіп, балаларға анимациялық мультфильміне бөлінетін қаражат халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін айтуда. Сондықтан кино мен мультфильмге қаражатты екіге бөліп қарастыру керек", – деді мәжіліс депутаты Сайлау Наурызбай.
Елімізде сапалы өнім ұсына алатын студиялар жеткілікті. Бірақ, ойы бекімеген балалар контентін ешкім ойына алмай отыр.
"Былтыр ғана "қазақ анимациясы" деген "Қазақфильм" жанынан бөлім ашылды. 1 миллиард теңге бөлінген болатын. 20 анимациялық өнім жасалды. Биыл оның бюджеті қысқарып кетті. Егер көптеп қаржы бөлінетін болса, елімізде сапалы анимацияны жасайтын студиялар жеткілікті. Енді министр тарапынан жоспар жоқ болып отыр", – деді "Сақ" киностудиясының директоры Нуриддин Патеев.