Мемлекет балаларды 2 жастан бастап алатын балабақшаларға қолдау көрсетеді
Бұған дейін мемлекеттік дотация тек 3-6 жастағы балаларды қамту үшін берілетін.Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында Қазақстанда балабақша жұмысын жүргізуде қандай өзгерістер болатынын айтты.
Оның сөзінше, президент тапсырмасына сәйкес, енді балаларды 2 жастан бастап балабақшамен қамтуға көңіл бөлінеді. Бұған дейін мемлекеттік дотация тек 3-6 жастағы балаларды қамту үшін берілетін.
"Ол үшін балабақшаларда жаңа орындарды ашу жоспарда бар. Келесі жылдың өзінде биылмен салыстырғанда орын 2,5 есеге көп ашылады", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мемлекет қолдауына ата-аналар таңдаған балабақшалар ие болады
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балабақшаға баратын балалар бюджет қаражаты есебінен тегін тамақпен қамтылатынын тағы еске салды.
"Бұл ерекше маңызға ие бастама. Ата-аналар әлеуметтік қиын жағдайына байланысты балабақшадағы тамаққа төлейтін ақшалары болмағандықтан, баланы кезекке де қоймайды, балабақшаға да бармайды. Енді Президенттің тапсырмасына сәйкес 150 мыңнан астам бала тамақпен қамтамасыз етіледі. Ол өз кезегінде баланың одан әрі дұрыс дамуына, болашағына ықпал етеді", – деді Асхат Аймағамбетов.