Мемлекет алма өсіргісі келетіндерге көмек береді. Оларға қандай шарттар қойылады
2025 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 76,3 мың тонна болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты берген тапсырмаларының қалай жүзеге асып жатқанын, дәлірек мемлекеттің бағбандарға қалай көмектесіп жатқанын түсіндірді.
Мемлекет бағбандардың 50 пайыз шығынын өтеп береді
Мемлекет тарапынан әртүрлі жеміс-жидек, соның ішінде алма мен жүзім отырғызғысы келетіндердің шығынының бір бөлігін өтеп береді. Бұл үшін дәндер отырғызатын жердің көлемі 5 гектардан асуы тиіс.
"Элита көшеттерін сатып алған ауыл шаруашылығы кооперативтері шығындарының тең жартысы өтелетін болады. Мұндай қадамға тұқымның қолжетімділігін арттыра отырып, бағбандарды базалық субсидиямен қамтамасыз ету үшін барып отырмыз. Бір көшетке 466 теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек өсімдіктерді зиянкестерден қорғап, топырақ құнарлылығын арттыру үшін сатып алған құралдардың да тең жартысын мемлекет өтейтін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы берген тапсырмаға сәйкес, 2021 жылдан 2025 жылға дейін сақтау сыйымдылықтары салынып, оларды жаңғырту қамтылған кешенді жоспарға бойынша жұмыстар жүргізіледі", – деп түсіндірді Ербол Тасжүреков.
Ары қарай вице-министр шаруа қожалықтарының өнімдерін сақтау үшін қажет ғимараттардың салынып жатқанына тоқталды.
Оқи отырыңыз: Алматының алмасын қалай ұлттық брендке айналдыруға болады?
Дәл қазір Қазақстан аумағы бойынша жалпы қуаты 136,9 мың тоннаға жететін алпыс төртке жуық жеміс пен көкөніс сақтайтын қойма бар. Олардың негізгілері:
- Алматы – 44,9 мың тонна;
- Түркістан – 19,9 мың тонна;
- Жамбыл облыстарында – 12,8 мың тонна.
"2025 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 76,3 мың тонна болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жалпы сақтау қуатын 213,3 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жеміс қоймаларын салу және кеңейту кезінде мемлекет инвестициялық салымдардың 40 пайызын субсидиялайды", – деп қосты Ербол Қуанышұлы.
Оқи отырыңыз: Апорт алма сортын Қазақстан патенттеп алды
"Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС, "АФ Талғар" директоры Сағи Солтанбеков алма бақтарының сапалы өнім беруі үшін дәл қазір Алматы облысында қандай жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Іріктелген Апорт клондары in vitro жағдайында вирустық аурулардан сауықтырылған. Молкулярлық талдау негізінде ДНҚ профильдері сәйкес келген 11 сорт-телітуші комбинациясы анықталып, көшет алынған.
"Алынған көшеттермен 2015 жылы Помологиялық бақта 5 га учаскеге тәжірибелік бақ отырғызылды. 2022 жылы алғашқы өнім алынды. Аталған бақта молекулярлық талдаумен бактериалды күйік және таз қотыр ауруларына төзімді гендері бар формалар анықталды. Жалпы айтқанда, республиканың жеміс жидек дақылдарының гендік қоры өте бай. Помлогиялық бақ өз жұмысында жеміс дақылдарының үлкен құнды коллекциясын кұрған. Жоғарыда айтылған ғылыми жұмыстар оң нәтиже көрсетті. Сондықтан ол алманың басқа да көне сорттарын қайта қалпына келтіру мүмкіндігінің үлгісі деп санаймыз. Халық арасында сұранысқа ие көне сорттар бар, олар отандық және шетелдік сорттар. Өнімділігі, жеміс сапасы бойынша өте жоғары", – деді Сағи Солтанбеков.
Ары қарай ғалым Апорт алмасын қайта жандандыру бойынша бірнеше ұсыныс айтты:
- Жаба алманың генетикалық қорын кешенді және жетік зерттеу; шаруашылық құнды формаларды іріктеу және селекциялық жұмыстарға ендіру. Сондай-ақ, қолданбалы ғылыми жұмыстардың саны мен сапасын арттыру.
- Көне сорттардың, сондай-ақ Апорттың, құнды клондарын іріктеу және коллекция құру; аналық бақтарын \ ағаштарын көбейту, селекциялық үрдістерді күшейту.
- Біздер өз нәтижелерімізді жинақтап, жақын арада Апортты өсіру технологиясы бойынша өндіріске ұсыныс дайындап шығарамыз. Алынған барлық ғылыми тәжірибелердің нәтижесі негізінде әзірленеді. Сол технологияны пайдалана отырып, Апорт сортының масштабын арттыруды ұсынамыз.
Оқи отырыңыз: Талғар алмұрты және Арал сабыны: Қазақстанда қандай жаңа аймақтық брендтер пайда болуы мүмкін
ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев саланың әрі қарай қарқынды дамуы үшін екі негізгі мәселені шешу қажет екенін алға тартты. Айтуынша, біріншісі – бейімдеу үшін жедел сұрыптау негізінде отандық және интродукцияланған жергілікті сорттарды, клондарды және тамыр сабақтарын органолептикалық және қоректік қасиеттері бойынша үнемі селекциялық жетілдіру, сондай-ақ өнімділік әлеуетін толық жүзеге асыру; Екіншісі – отандық сауықтырылған көшет материалын кең көлемде өндіру.
"Апорттың ерекше сорт екенін атап өткен жөн, оны "патша алма" деп те атайды. Оның ерекшелігі – Алматының тау бөктерінде теңіз деңгейінен 950-ден жоғары және 1250 метрден төмен жерлерде оңтайлы шектеулі термалды жағдайда жоғары сапалы жемістер береді. Алматы облысында Апорт өсіруге қолайлы аймақ Талғар, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарындағы тау бөктерлерінің тар жолағы болып отыр", – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ басқарма төрағасы осыған байланысты Апортты қайта жаңғырту мәселесінде Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы төменгі тау бөктері аймағында бос жерлердің қолжетімділігіне қатысты қосымша қиындықтар туындайтынына тоқталды.
Оқи отырыңыз: Жамбылда алма бақтардың саны көбеюде
"Бұл жерде бос жерлердің инвентаризациясын жүргізу және болашақ Апорт бақтарының орналасу аймақтарын жүйелеу үшін климаттық жағдайлар, топырақтағы негізгі қоректік элементтердің құрамы, ылғалдылық деңгейі сияқты дескрипторларды қамтитын бірыңғай деректер базасында олардың геоақпараттық талдауын мұқият өткізу маңызды", – деп қорытындылады Ақылбек Күрішбаев.