Директор аттестациясы кезінде оның педагогтерден артық құжат толтыруды талап еткен-етпегені, сондай-ақ, міндетіне жатпайтын жұмыстарды істеуге мәжбүрлеу дерегі тексеріледі, деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

"Енді директорды тағайындау, оны аттестациялау және ротациялау кезінде біз арнайы базадан бұл басшының мұғалімдердің құқығын бұзған-бұзбағанын тексереміз", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер қандай құжаттарды толтыруға міндетті емес? Оқу-ағарту министрлігінің тізімі


Асхат Аймағамбетов әлі күнге дейін педагогтерден артық құжаттарды талап ететін әріптестерін сынға алды.

"Дарынды балалармен жұмыс есебі, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс есебі, өзін-өзі оқыту, өзін-өзі жетілдіру... Керек емес құжаттарды ойлап табасыздар. Бұл құжаттарды талап еткенмен жағдай өзгермейді, білім беру сапасы артпайды. Сол себепті құзырлы комитет пен департамент директорларына мұндай заң бұзушылақтар болса, дереу, назарға алуды тапсырамын", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Көлігін оқушыларға жуғызған мұғалімді жұмыстан босатуға мектеп басшысы қарсы


Министр мұғалімдер толтыратын құжаттар тізімі бекітілгенін тағы бір еске салып, сол құжаттарды жүргізу жеткілікті екенін баса айтты.

"Заңнамаға сәйкес, артық құжаттарды талап етуге болмайды. Заңнамада бекітілген құжаттарды жүргізсе, жеткілікті. "Ауру қалса да, әдет қалмайды" дегендей, заңнама өзгерсе де, кей әріптестер әлі күнге дейін сол заңнамаға бейімделе алмай жатыр", – дейді министр.