Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа да лайықты үміткерлер түсетініне сенімді. Ол бұл туралы сенат кулуарында журналистердің сауалына жауап берген кезде айтты.

"Президент сайлауына лайықты үміткер табылады деп ойлаймын. Үміткер жоқ деп айтпаймын. Қазақстанда әртүрлі саяси күштер бар, азаматтар бар. Сол себепті алдағы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа үміткерлер түсетін шығар деп ойлаймыз", – деді Мәулен Әшімбаев.


Оқи отырыңыз:


Алайда сенат төрағасы Қазақстан халқының басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасын қолдап отырғанын атап өтті.

"Бүгінгі күні халқымыздың басым көпшілігі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасын, жасап жатқан шараларын, қадамдарын толықтай қолдап отыр. Сондықтан сайлау барысында халықтың көпшілігі бүгінгі елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаны қолдайды деп ойлаймын. Ол бағдарламаның негізгі мақсаты – әділетті Қазақстанды құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерді шешу, бизнесті дамыту, әртүрлі топтарды тәртіпке шақыру. Сондықтан бұл жердегі ең басты мақсат – осы бағдарламаны жүзеге асыру. Алдағы президент сайлауында Қазақстан халқы осы өзгерістерді толықтай қолдайтынына сенемін", – деді Мәулен Әшімбаев.