Теңгенің негізгі сауда серіктестеріміздің валютасына қатысты құнсыздануы біздің экспорттаушыларға тиімді, деді Ұлттық эконмика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс кулуарында.

"Негізгі сауда серіктестеріміздің валютасына қатысты теңгенің құнсыздануы біздің экспорттаушыларға тиімді. Өнімінің 80-90 пайызын экспорттап, 10 пайызын ғана ішкі нарыққа өткізетін кәсіпорындар бар. Барлығы сұранысқа байланысты", – деді Әлібек Қуантыров.


Оқи отырыңыз: Сауда министрі: Қазақстан азық-түліктің 40 пайызын Ресейден алады


Сонымен қатар министр ұлттық валютаның Мәскеу биржасында саудалануына қатысты пікір білдірді.

"Бұл – жақсы көрсеткіш. Демек, теңгеге сұраныс бар. Бұл үрдіс теңгенің рубльге және басқа валюталарға қатысты нығаюына ықпал етеді, инфляцияға да жақсы әсер етеді. Өйткені, біз тауарлардың бір бөлігін, азық-түлік өнімдерін Ресейден импорттаймыз. Рубль-теңге паритетіне келетін болсақ, бұл теңгенің нығаюына оң әсер ететін шығар", – деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл теңге өзінің айтарлықтай күшті және тұрақты валюта екенін көрсеткен.