Тұрақтандыру қорының механизмін өзгертеміз, деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин үкімет кулуарында.
"Себебі, оны күнделікті пайдалану дұрыс емес. Отырған шенеуніктердің сауда-саттықта тәжірибесі жоқ. Қазір немесе жазда сатып алып, керек кезде сату керек. Маусымдық болуы керек. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі өзгерістерді дайындап жатыр", – деді Серік Жұманғарин.
Министр азық-түлік бағасына Ресей рублінің де әсер етіп отырғанын айтты.
"Баға тұрақты болуы үшін біз өз-өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Азық-түлік қауіпсіздігін жоғарылату керек. Қазір азық-түліктің 40 пайызы Ресейден келеді. Ресейдің рублі бұрын 4 теңге еді, қазір – 8 теңге. Ресейдің өзінің азық-түлік инфляциясы – 15 пайыз. Қалай баға тұрақтайды?" – деді министр.
Министр министрліктің мақсаты бағаның өсу серпінін тұрақтандыру екенін еске салды.