Қазақстанда "Келешек" білім беру жинақтау жүйесі 2025 жылы іске қосылады. Соған орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі бастапқы білім беру капиталы туралы ережені әзірлеп, қоғам талқысына ұсынды. 

Ережені негізге ала отырып, негізгі тәртібін түсіндіреміз. "Келешек" – ерікті жинақтау жүйесі. Сәйкесінше оған қатысу не қатыспауды ата-ананың өзі шешеді. Дегенмен, өзге депозит түрлерінен айырмашылығы – оған ата-анадан бөлек, мемлекет пен екінші деңгейлі банктер қатысады. 

Мемлекет депозитке бір жолғы бастапқы капитал құяды. Оның мөлшері 60 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылы – 235 920 теңге) тең болса, жетім балалардың шотына 120 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы – 471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы капитал аударылады. 

Бастапқы білім беру капиталы жылына екі рет аударылады:

  • жылдың 1 шілдесіне дейін 5 жасқа толған балаларға – 31 тамызға дейін;
  • жылдың 31 желтоқсанына дейін 5 жасқа толған, бірақ бастапқы білім беру капиталы есептелмеген балаларға – 28 ақпанға дейін.

Ата-ана қанша шотқа қаржы салуы тиіс? Ата-аналар үшін шотқа сала алатын қаражаттың жоғарғы шегі жоқ, есесіне ең төменгі жарна мөлшері белгіленген: 

  • Барлық балалар үшін: жылына 24 АЕК (2025 жылы – 94 368 теңге);
  • Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан балалар үшін: жылына 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге). 

Жинақтарға екінші деңгейлі банктер тарапынан қосылатын пайыздық мөлшерлемеден (11 пайыздан кем емес), жыл сайын 5 пайыз мемлекеттік сыйлықақы да қосылады. Бұл сыйлықақы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан балалар үшін 7 пайызды құрайды. 


Оқи отырыңыз: