Бүгінде қазақстандық каратэ мектебі халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді. Отандық спортшылардың табысты нәтижелерімен қатар, бапкерлердің кәсіби шеберлігі де шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағалануда.

Соңғы уақытта қазақстандық бапкерлер шетелде түрлі семинарлар өткізіп, ұлттық құрамалармен тәжірибе алмасуда. Мәселен, Берік Қасенов Ресейдің Новосібір қаласында арнайы семинар ұйымдастырып, өз тәжірибесін бөлісті. Сондай-ақ, Ринат Сағындықов 26 наурыз бен 3 сәуір аралығында Ресей аумағында халықаралық оқу-жаттығу семинарын өткізіп жатыр. Аталған жиынға әртүрлі елдерден спортшылар мен жаттықтырушылар қатысуда.

Қазақстандық каратэшілерге деген қызығушылық Жапония тарапынан да байқалды. 2024 жылы жапон мамандары тәжірибе алмасу және шеберлікті арттыру мақсатында отандық спортшылар мен бапкерлерді арнайы шақырды. Бұл жиынға Мөлдір Жаңбырбай, София Берульцева және Әсел Қанай қатысып, халықаралық деңгейде өз шеберліктерін көрсетті.

Сонымен қатар, шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық бапкерлер де аз емес. Ержан Қожаев Сауд Арабиясы елінде каратэ спортын дамытуға елеулі үлес қосып, жергілікті деңгейдің көтерілуіне ықпал етуде. Ал Ермек Айназаров қазіргі таңда Макао ұлттық құрамасында кеңесші бапкер қызметін атқарып жүр. Оның тәжірибесі мен білімі халықаралық аренада жоғары бағалануда.

Айта кету керек, Жапония жерінен бастау алған каратэ өнерін меңгеруде қазақстандық бапкерлердің деңгейі жоғары. Олар өз біліктілігін шетелде дәлелдеп, әлемдік каратэ қауымдастығында бедел жинап келеді.