Тікелей эфир

"Қолдау болмаса, жетістікке жету қиын болар еді" – ашихара-каратэден Павлодар облысының бас жаттықтырушысы

Тимур Ахметов басты мақсаты – Қазақстанда әлем чемпиондарын баулуға "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қалай көмектесіп жатқанын әңгімеледі.

Тимур Ахметов – ашихара-каратэден Павлодар облысының бас жаттықтырушысы. Бүгінде оның жеке спорт залы бар, онда жүзден астам жас спортпен шұғылданады. Кейіпкеріміз болса, осылайша әлем чемпионын баулуды армандайды.

Ашихара-каратэ – жекпе-жек өнерінің ерекше түрі, оны 40 жыл бұрын жапондық Хидеюки Ашихара дүниеге әкелген. Бұл бағытқа бірнеше тәсіл кіреді – карате, дзюдо, айкидо және шебердің авторлық техникасы. Ол, сондай-ақ, жас жеткіншектер арасында кеңінен танымал жекпе-жек каратэсі саналады. Мәселен, тек Павлодар облысында жекпе-жектің осы түрімен айналысқысы келетіндердің саны өсіп келеді.

Павлодарда ашихара-каратэні үйрететін екі зал ғана бар, оның біреуі жақында ашылды. Себебі, зал иесі, облыстың бас жаттықтырушысы Тимур Ахметов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысып, кәсіпкерлік негіздеріне қанықты. Нәтижесінде грант иеленді.

"Мен бағдарлама туралы таныстардан кездейсоқ білдім. Бізде азын-аулақ қаржы жинап ашқан шағын секция бар болатын. Бірақ, өрісті ұзарту керек қой. Ол кезде қол жеткізген белес те биік емес еді. Ал несие алу өз алдына алынбас қамал. "Еңбек" бағдарламасына қатысу кәсіпкерлік саласында білім алуға және 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алуға мүмкіндік берді. Бұл бізді алға жетелеген серпінді қадам болды", – дейді Тимур Ахметов.

Гранттан түскен қаражатқа жаттықтырушылар жетіспейтін арнайы құрал-жабдықтарды – кәсіби ұрғыш қаптар мен әртүрлі соққыларды ұштайтын заттарды, секіргіштер мен басқа да спортпен шұғылдануға арналған көптеген дүниелерді сатып алды. Тиісінше балаларды сапалы жаттықтыруға жол ашылды.

"Жаттығуға құлшынғандардың қарасы көбейді. Сондықтан кеңірек жерде дайындалу қажеттілігі сезілді. Осылайша жақында 100 шаршы метр бөлмеден ауданы 220 шаршы метр залға көштік. Қазір үш жаттықтырушымыз бар. Әрине, уақыт өте келе бұғанамыз онсыз да қатаюы мүмкін еді. Бірақ, үкіметтің қолдауы болмаса, аталмыш жетістікке жету жолы ұзаққа созылар ма еді, кім білсін. Сондай-ақ, бастапқы кезеңде кәсіпкер ретінде аяққа тік тұрғанға дейін сүйемелдеп, кеңес беретіні, көмектесетіні маңызды болды", – дейді бас жаттықтырушы.


Тимур Ахметовтың жеке мұрағатынан

Тимур Ахметовтың жеке мұрағатынан


Өзін бизнесмен дәрежесінде сынап көру мүмкіндігі оған құлашты кеңірек сермеуге жол ашты.

"Бастапқыда түйсікке сүйеніп әрекет еттім. Бірақ, қателіктер мен жаңсақ әрекеттерден аулақ болу үшін терең білім мен дағды бәрібір қажет. Алдағы екі жылға арналған жоспарымызда – бүкіл облыс балалардың ашихара-каратені үйренуі үшін тек Павлодардың өзінде ғана емес, сонымен бірге өңірдің басқа қалалары мен аудандарында тағы бірнеше спорт залын ашпақпыз", – деп бөлісті ойымен спортшы.

Оның секциясында 5 жастан үлкен балалар айналысады. Олардың арасында қазірдің өзінде зор үміт күттіретін жеткіншектер – Азия, ел чемпиондары, түрлі сайыстардың жүлдегерлері бар. Бірақ, бас бапкердің ең асқаралы мақсаты – әлем чемпионын тәрбиелеу.

"Бізде әлем чемпионатында алтын алуға барлық мүмкіндігі бар талантты балалар көп. Мәселен, қазір біз 16 жастағы Богдан Дементьевті алдағы 2021 жылы Анталияда өтетін әлем чемпионатына дайындаудамыз. Жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін", – деді Тимур Ахметов.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметі бойынша, 2020 жылдың 9 айында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 20 594 адам қолдау құралдарымен қамтылды.

"Бастау-Бизнес" жобасы бойынша облыстың 1 750 тұрғыны кәсіпкерлік негіздерін үйренді.

2020 жылға жоспарланған 506 микрокредиттің 451-і берілді. Берілген шағын несиелердің орташа мөлшері 3,7 млн теңгені құрайды.

Мемлекеттік гранттарға келетін болсақ, жыл басынан бері оны 1 042 адам алды. Жалпы, 2020 жылға барлығы 1 112 мемлекеттік грант қарастырылған.

151 грант жастарға, 176-ы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар санатына, 23-і мүгедектігі бар адамдарға табысталды.

Берілген гранттардың 60%-ы мал мен құс, 23%-ы технологиялық жабдықтар және 17%-ы еңбек заттары мен өзге де мүліктерді алуға жаратылды.

Серіктестер жаңалықтары