Этникалық қазақтарға арналған "Ата жолы" картасы шілде айында іске қосылады
Карта иесі Қазақстанда 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.Шілдеден бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар "Ата жолы" картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Ата жолы" картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады. Мұндай картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады.
"Ата жолы" картасы бар адамдар мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды. Егер "Ата жолы" картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, оның картасы жарамсыз деп танылады. Ал еңбек ету немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз бетінше таңдайды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Ата жолы" картасы 10 жыл мерзімге беріледі. Оны алу шарттары белгілі болды
Карта иегерінің тағы қандай құқықтары бар?
- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету;
- еңбек кодексіне және "халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;
- кәсіпкерлік кодекске және өзге де құқықтық актілерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
- мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
- мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
- халықаралық шарттарға және заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы Қазақстанда "Ата жолы" картасын 5 мың адам иеленеді
Еске салайық, "Ата жолы" картасын беру – жаңа бастама. Ол туралы алғаш еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылдың соңында хабарлаған болатын. Аталған карта шетелдегі жоғары деңгейдегі кәсіби маман қазақтарға не өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі.