Әлі күнге дейін Семей полигоны маңындағы таза және лас аумақтардың ара-жігі ажыратылмағандықтан жарамды жерлер пайдаланылмай отыр, деп мәлімдеді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Министрдің мәліметінше, Семей полигонының жері үш облыстың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы босалқы жерге жатады. Бұл өз кезегінде осы аумақта болып жатқан оқиғаларды және бөгде адамдардың іс-әрекетін бақылауды қиындатады. 

"Семей полигонының нормативтен тыс ластанған жерлерін қайта қалпына келтіру және оңалту жұмыстары жүргізілмейді. Радиоактивті зақымданудың жылыстауы бойынша да деректер жоқ. Бұл радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілмеуімен байланысты. Ластанған жерлер мен таза аумақтың ара-жігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің көп бөлігі пайдаланылмай отыр", – деді Болат Ақшолақов. 


Оқи отырыңыз:


1949 жылдың 29 тамызында Семей сынақ полигонында алғаш рет ядролық бомба сыналды. Жалпы полигонда жиынтық қуаты Жапонияның Хиросима қаласына тасталған ядролық зарядтың қуатынан 250 есе асып түсетін 456 ядролық сынақ өткізілді.

"Тәуелсіздік жылдары "Дегелең" тау алабында, "Балапан" және "Тәжірибе алаңы" сынақ алаңдарында жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Полигон жабылғалы бірқатар проблема анықталды", – деп қосты министр.