Алматы қаласында 21 наурыз күні Астана алаңы Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтеді. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасы хабарлады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін орталық алаң ұлттық дәстүрлер мен заманауи мәдениетті ұштастырған үлкен мерекелік кеңістікке айналады.

Бағдарлама аясында қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерттер, театрландырылған қойылымдар, цифрлық турлар, роботтар ұсынылатын интерактивті аймақтар және тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады.

"Сахнада "Дос-Мұқасан", "МузАРТ", "Ұлытау", "Алашұлы" топтары, сондай-ақ Нұржан Керменбаев, Салтанат Бақаева, Талғат Күзембаев, Айгүл Елшібаева, Ернар Айдар, Мақпал Исабекова, Мөлдір Әуелбекова және Әсет Есжан сынды танымал әншілер өнер көрсетеді. Мерекелік іс-шараның арнайы қонағы – Әзербайжаннан келген әнші Роза Зергерлі", – делінген хабарламада.