Дәрігер білімін бағалау: Әлназарова өтініштердің 90 пайызы неге жойылғанын түсіндірді
Биылғы 26 тамыздан бері өтініш берген 1018 қызметкердің тек 97-сі ғана кәсіби құзыретін растай алған."Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы" РҚБ-на 26 тамыздан бері дәрігерлер мен медицина саласының қызметкерлерінен біліктілік деңгейін бағалау үшін түскен өтініштердің тек 97-сі (9 дәрігер, 88 медициналық қызметкер) ғана қанағаттандырылып, қалған 90,5 пайыз бөлігі қабылданбаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.
Дегенмен, министрдің түсіндіруінше, тест жүйесінде ешқандай ақау жоқ, өтініштердің қанағаттандырудан бас тартудың себептері – өтініш иелерінің құжаттарды толық не сапасыз тапсыруы болған.
"Қажетті құжаттар толық тапсырылмағандықтан, сондай-ақ, соңғы 5 жылда кәсіби даму бойынша есеп бірліктерінің саны жеткіліксіз болғандықтан, 921 өтініш қанағаттандырылған жоқ", – делінген министрдің жауабында.
Оқи отырыңыз:
- Дәрігер қателік жасаса, ол қате емдеген адам не оның отбасына төлемақы беріледі
- Енді қазақстандықтар дәрігер қабылдауына жазылу үшін де биометриялық тексеруден өтеді
Ақмарал Әлназарова ұсынған мәлімет бойынша, медицина қызметкерлерінің білімін бағалау 2009 жылдан бері жүргізіледі. Қазіргі таңда сала қызметкерлерінің 38,5 пайызының куәлігінің мерзімі өткен, болмаса санаты жоқ және олар білім бағалау рәсімінен өтуі тиіс. 35,5 пайызы кәсіби санат беру туралы куәліктің иесі болса, 15 пайызы – жас мамандар, олар 2027 жылдан кейін ғана емтихан тапсырады. Қалған 4 пайызын биылғы ЖОО түлектері құрайды.
"Медицина қызметкерлері біліктілігін растау емтиханын әр бес жыл сайын тапсырады. Дәрігерлер үшін емтиханға қатысу құны 23 800 теңге болса, орта медициналық қызметкерлер үшін баға 21 мың теңгеге тең", – деді Ақмарал Әлназарова.