Қазақстанда дәрігердің адам өліміне немесе мүгедектікке әкеп соқтырған қателігі үшін төлемақы берілетін болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енді. Жаңа талапқа сай ақ халаттылардың кесірінен зардап шеккен науқастар өтемақы алады. Қаражаттың мөлшері алған жарақатына сәйкес тағайындалады.
Дәрігер қателігінен зардап шеккен науқастар енді мемлекеттен өтемақы талап ете алады. Ол үшін медициналық ұйымдар мен жеке медициналық практикамен айналысатын қызметкерлер кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Сақтандыру төлемдері ақ халаттылардың байқаусызда жасаған кәсіби қателерінен зардап шеккендерге төленеді. Өмірі мен денсаулығына зиян келгенін растау үшін әрі төлемақы алу үшін денсаулық сақтау басқармаларына жүгіне алады.
"Яғни, бұл жерде барлық медициналық қызметкерлер сақтандыруға жатады. Медициналық қызмет көрсететін. Бұл институт жаңа институт. Әлемдік тәжірибеде ол бар. Біз енді енгізіп жатырмыз. Мөлшері анықталған. Барлығы мемлекет қаржысы есебінен көзделген. Медициналық қызметкер бұл жерде өз қалтасынан ақша төлемейді", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры Серікболсын Темірханов.
Сақтандыру сомасы заңмен белгіленген. Яғни, науқас дәрігердің кінәсінен бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедек болып қалса, сәйкесінше 3 миллион теңгеге дейін, ал ақ халаттылардың қателігінен науқас көз жұмса марқұмның туыстары 11 миллион теңге көлемінде өтеамақы талап ете алады.
Сонымен қатар науқастың денсаулығына зиян келсе, бірақ мүгедектік берілмесе 1 миллион 200 мың теңге мөлшерінде төлемақы тағайындалады. Ал науқастың өмірі мен денсаулығына қандай зиян келгенін тәуелсіз комиссия анықтауға тиіс. Төлемдер сол шешімге сәйкес жүргізіледі. Бұл жөнінде халықтың пікірі әр түрлі. Бірі белгіленген сома аз десе, енді бірі қателік жасаған дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс дейді.
Айта кетейік, науқас, не туысы немесе заңды өкілі комиссия қорытындысымен келіспесе денсаулық сақтау министрлігіне шағым білдіре алады. Тіпті, төлемақыға көңілі толмаса сотқа арыздануға құқылы.
Жаңа заң 23 қазанда күшіне енді.