Енді қазақстандықтар дәрігер қабылдауына жазылу үшін де биометриялық тексеруден өтеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Келесі жылдан бастап еліміздегі емханаларға FACE ID жүйесі енгізіледі. Демек, бет-жүзіңіз сканерлеу арқылы қалаған дәрігерге қаралып, қызмет ала аласыз.
Жаңа жоба бүгінде Астана қаласында пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Ол үшін телефоныңызда медициналық ақпараттық жүйе болуға тиіс. Ал емханаға барған кезде арнайы веб-камера арқылы тіркелесіз.
Айта кетейік, бұл жүйе тек 16 жасқа толған қазақстандықтарға қатысты. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері биометриялық сәйкестендіру арқылы адамның жеке дерегін жылдам анықтауға болады деп отыр. Және бұл құжат толтыру, тіркелу үшін кезек күту сияқты жұмыстарды жеңілдетеді.
Сонымен қатар енді ақ халаттылар көрсетілмеген қызмет көрсетілді деп жалған құжат толтыра алмайды. Мәселен, министрлік жүргізген тексерістен кейін дәрігер қабылдауына жазылмаған адамдарды тіркеген 46 мыңға жуық жағдай анықталған.
"Ең алдымен, биометриялық сәйкестендіру пациенттің жеке басын тексеру кезінде дәлдік пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар алаяқтық және медициналық қызметтерді заңсыз алу қаупін азайтады. Нәтижесінде пациенттер медициналық көмекке ыңғайлы және жылдам қол жеткізе алады, ал медициналық ұйымдар жұмысы жеңілдейді. Ал ақ халаттылар жалған құжат толтыру дерегін техникалық ақаулықтармен байланыстырады", – деді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы Бауыржан Мелдебай.