Қазақстан "экзотикалық" елдердің тұрғындарына балаларын асырап алуға рұқсат бермейді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі 1999 жылға дейін Оңтүстік Африка, Кения және Филиппин тұрғындары шетелдіктер асырап алған жетім балалар туралы Қазақстанда ақпарат жоқ екенін айтқан болатын. Депутат 1999 жылға дейін шетелдіктер асырап алған жетім балаларға зерттеу жүргізіп, ондай балаларға биологиялық ата-анасын табуға көмектесуді, сондай-ақ қаласа – еліміздің азаматтығын алуға көмектесуді ұсынды.

"Біріншіден, шетел азаматтары асырап алған бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматы болып қалады. Оны біздің шетелдегі консулдарымыз арнайы бағдарлама бойынша қадағалап, көмек көрсетеді. Бірақ 18 жастан кейін қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Егер ол 18 жасқа дейін осы елдің азаматтығын алса, одан кейін ешқандай шара қолдана алмаймыз", – деді Айбек Смадияров.

Бұл ретте бала асырап алушылар кәмелеттік жасқа толғанға дейін консулға баяндауға міндетті.

"Бұл балалар туралы ешқандай ақпарат жоқ деген шындыққа жанаспайды. Біз барлық бала туралы ақпарат жинаймыз. Әрине, кейде олардың бір мекенжайдан екінші мекенжайға ауысуы, одан кейін ақпарат жоғалуы мүмкін. Мен «Қазақ балаларын бірнеше экзотикалық елдерге алып кеткен» деген деректерді оқыдым. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 1990 жылдары бізде балаларды тек батыс елдерінің өкілдеріне беру туралы талап қойылған болатын", – деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі.

Оның айтуынша, батыс елдерінің азаматтары аталған елдерде дипломат болып жұмыс істей алатын, кейін олар балаларды асырап алған. Алайда Қазақстан Африка елдеріне балаларды асырап алуға рұқсат бермейді.


Оқи отырыңыз: Жанар Байсемізова: Қазақстанда бала асырап алу мәдениеті болса, шетелдіктер бізге келмес еді


Қазір консулдық есепте 18 жасқа дейінгі 1993 бала тұр.