Қызылорда қаласында ірі көпірдің құрылысына қатысты шу шықты. Себебі, өткел салынатын аумақтағы үй қожайындары әкімдік беретін өтемақы көлемімен келіспей отыр. Айтуларынша, шенеуніктер ұсынған қаражат жылжымайтын мүлік түгілі, жер учаскесін де сатып алуға жетпейді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Қаланың екі бөлігін жалғайтын көпірдің іргетасы биыл қалануы керек. Бірақ өткел салынатын жер әлі күнге дейін мемлекеттің меншігіне өтпеген. Өйткені сол аумақта баспанасы сүрілетін тұрғындар әкімдік беретін өтемақымен келіспей отыр. Айтуларынша, бағалаушы беретін қаражат өте төмен. Мысалы, кейбір үйлер небәрі 2,5-3 миллион теңгеге бағаланған.

"Менің үйіме 2,5 миллион теңге береміз дейді. Мен не сатып аламын сонда? Ештеңе ала алмаймын ғой. Тіпті біреу жаман сарайын да сатпайды ол ақшаға. Қазір мен зейнеткермін, ешқайда бара алмаймын", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Полина Кротова. 


Оқи отырыңыз: Бір бөлмелі пәтер – 7 млн теңге. Қазақстанның қай қаласында пәтер бағасы арзан?


Яғни тұрғындар бағалаушы үйлердің құнын шығарарда нарықтағы бағаны мүлде ескермеген деп ашынады. Тіпті бағаны барынша төмендету үшін кей баспаналардың шаршы метрін кемітіп есептеген көрінеді.

"Ең сорақысы, менің үйімнің шаршы метрі 280/281 ш/метр болса, оны 240/241 деп есептеген. Сол бола ма? Сұмдық қой мынау. Менің үйімнің жартысын алып тастап тұр ғой. Оның ішінде айта берсең, кемшіліктер көп", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Әмина Құлтаева. 

Ал әкімдік өкілдері өзі жалдаған маманға шаң жуытпай отыр. Бағамен келіспегендер сотқа жүгінсін дейді.


Оқи отырыңыз: Алматы, Астана, Шымкент және Түркістанда "7-20-25" ипотекасына сай қанша пәтер бар?


"Ол жерде 27 үй бар. Кейбіреулері келісіп отыр. Келіскендерді сол бағамен ала береміз де, ал қалғандарына қатысты соттың шешімі күшіне енеді. Сосын ғана сүреміз", – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай. 

Он шақты отбасы маңдай терімізбен салған баспанаға өз құнына сай өтемақы төлемесе ешқайда көшпейміз деп бекініп отыр. Мәселе шешілмесе Астанаға дейін барып, әкімдіктің үстінен арызданбақ. Ал шенеуніктер соттың шешімінен кейін көпірдің құрылысын бастай беретінін жеткізді. Олардың мәліметінше, жаңа көпірдің құны 5 миллиард теңгеге жуықтайды.