Қалаларда "7-20-25" бағдарламасына сай пәтер табу қаншалықты оңай? Krisha.kz жазуынша, көптеген жаңа тұрғын үй кешендерінің арасынан мемлекеттік бағдарламаның барлық талаптарына сәйкес келетін баспана табу өте қиын.
Бағдарлама шарттары бойынша пәтерді тек пайдалануға берілген тұрғын үй кешенінің құрылыс компаниясынан алуға болады. Бұл ретте баға Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін – 25 млн теңгеден, Қарағанды, Түркістанда – 20 млн теңгеден, басқа облыстарда 15 млн теңгеден аспауға тиіс.
Астана
Елордада бағдарлама шарттарына сай пәтер табу қиын: пәтер құны 25 млн теңгеден аспайтын тұрғын үй кешендерінің көпшілігі әлі салынып жатыр, пайдалануға берілген үйлердегі пәтерлер не сатылып кеткен, не құны 25 млн теңгеден асып кеткен.
Нәтижесінде бағдарлама шарттарына сай тек 8 пәтер анықталды. Олар "Aruna City", "Sat City" және "Құтты Мекен" тұрғын үй кешендерінде орналасқан.
Алматы
Алматыда дайын тұрғын үй кешенінен 25 миллион теңгеге пәтер табу өте қиын. Бағдарлама шарттарына тек 2 тұрғын үй кешенінен 5 пәтер ғана сәйкес келіп тұр. Олар: "Medeu City" мен "Болашақ" трұғын үйлері.
Қалада бағдарлама талабына сәйкес келетін пәтерлер құрылыс басталған кезде-ақ сатылып кетеді.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
Шымкент
Krisha.kz сайтының зерттеуі бойынша Шымкентте бағдарламға сай нысандар табылмаған. Байланыс орталығы операторларының айтуынша, дайын тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлердің барлығы сатылып кеткен. Қалғаны әлі салынып жатыр.
Түркістан
Түркістанда бағдарламаның шарты бойынша пәтердің максималды құны 20 млн теңгеден аспауы керек. Бұған сай пәтерлерді тек "Сырдария-2", Park View және Nur-Sultan City сынды 3 тұрғын үй кешенінен табуға болады.
Оқи отырыңыз: Ипотека шартынан бірлесіп қарыз алушы адамды қалай шығаруға болады
Айта кетейік, "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы бойынша алуға болатын пәтерлердің ең жоғары құны 2018 жылы белгіленген. Содан бері жылжымайтын мүлік бағасы өскенімен, бағдарлама талабы өзгерген жоқ. Сонымен қатар, оған жылына 100 миллиард теңге болғандықтан, банктер барлық адамның өтінішін қабылдай алмайды.
Биыл бағдарлама шартына өзгеріс енгізілді. Енді атында жылжымайтын мүлкі бар адамдар бағдарламаға өтініш бере алмайды. Сондай-ақ "7-20-25" бойынша бұрын бір рет үй алған адам да бағдарламаға екінші рет қатыса алмайды.