"Бот пен фейк патшасы". Оралов әлеуметтік желідегі өзі туралы пікірге жауап берді
Министр Facebook және Instagram аккаунтын өзі жүргізетінін айтты.Журналистер үкімет кулуарында мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтан әлеуметтік желіде айтылып жатқан сынға қатысты пікірін сұрады. Журналистердің айтуынша, желі қолданушылары жаңа министрді "боттар мен фейктердің патшасы" деп атайды.
"Шынымды айтсам, ешқашан боттармен жұмыс істеген емеспін. Біз әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланамыз. Instagram мен Facebook-ты өзім жүргіземін. Әрқашан мүмкіндігінше ашықпын. Алдыңғы жұмысымда да ашық болдым, қазір де журналистермен ашық жұмыс істейтін боламын", – деді Асхат Оралов.
Оқи отырыңыз: "Фаст-фудтың денсаулыққа пайдасы шамалы". Үкімет басшысы McDonald's туралы пікір білдірді
Сонымен қатар, министр әлеуметтік желідегі өзіне қатысты жазбаларға неге көп адам пікір қалдыратынын түсіндірді.
"Сұрақ қоятын сәттер болады. Қолдайтындар бар, өзекті мәселелерді көтеретіндер бар. Мен тағы да айтамын, біз боттармен жұмыс істемейміз", – деді министр.
Еске салайық, Асхат Оралов 2023 жылдың 4 қаңтарында мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Amanat партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарған.