Білім беру гранттары байқауына өтініш 13 шілдеден бастап қабылданады
Талапкерлер өтінішті еGov арқылы не ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы тапсыра алады.Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден білім беру гранттара құжат қабылдау 13 шілдеде басталады, деп жазды ҚазАқпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады.
"Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында Виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы кеңес береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ең төменгі ұпайлар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жазылған", – делінген хабарламада.
Еске салайық, биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінген. Оның 79 мыңға жуығы бакалавриат бөлімінде білім алуға арналған.
Оқи отырыңыз:
- 138 балл: ҰБТ-дан әзірге ең жоғары көрсеткішке ие талапкер кім
- 2024-2025 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жария болды
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін қажет құжаттар:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3×4 көлеміндегі фото;
- орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
- № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
- ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
- жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.