Тікелей эфир

138 балл: ҰБТ-дан әзірге ең жоғары көрсеткішке ие талапкер кім

Ұлттық бірыңғай тестілеуден Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткішті кентаулық түлек көрсетті.

Көпбалалы отбасынан шыққан Айдос Қожанов 138 балл жинаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Физика-математика пәнін таңдаған кентаулық әкесінің жолын қуып, мұғалім болуды армандайды. 

"Ең басында "Аяқтау" деген батырманы басқанда таңғалдым. Оңай тапсырмаларда сүрініп қалыппын. Мысалы, Қазақстан тарихындағы қазақ-жоңғар шайқасы бойынша 1 балды жоғалтып алдым. Математикадан 7-сыныптың есебін қате шығарып қойғанмын. Бала күнімнен мұғалім болуды армандаймын. Әкемнің жолын қуып, қазіргі таңда мұғалім болу үшін математика пәнін таңдадым", – деді мектеп түлегі Айдос Қожанов.

Айдос 10-11-сынып оқушыларына арналған жекеменшік мектепке тест арқылы іріктеліп өткен. Сол кезде де 100-ден аса баланың арасында бірінші орын алған. Соның арқасында білім ошағында екі жыл тегін оқыған. 

"Бүгінгі күнге дейін 110 баламыз ҰБТ-ға кіріп шықты. Оның 85-87 пайызы 100 балдан асып отыр. Ал Айдос болса біздің мақтанышымыз. Қазақстан бойынша рекорд қойып жатыр. Айдос жыл басынан бері жоғары балл жинап келе жатыр. Бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Біздің Айдостан үлкен үмітіміз болды. Күттік. Үмітіміз ақталды", – деді мектеп директоры Шахрух Кәрімжанов.

Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу 4 шілдеге дейін жалғасады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары