Біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы 2 есе артады
Республика бойынша 200 мыңға жуық біліктілігі жоқ жұмысшы бар.Біліктілігі жоқ жұмысшылар жалақысы 2025 жылға қарай екі есеге артады. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жергілікті атқарушы органдар дерегі бойынша республикада біліктілігі жоқ жұмысшылар саны – 200 мыңға жуық.
"Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты халыққа жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы 2022 жылдан бастап түзету коэффициенттерін қолдану арқылы біртіндеп арттырылып жатыр. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады. Біліктілігі жоқ жұмысшыларды азаматтық қызметшілер құрамына қосу, сауықтыруға материалдық көмек төлеу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді", – делінген құжатта.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қорындағы қызметкерлердің орташа жалақысы - 380 мың теңге
Осыған байланысты қаулының азаматтық қызметшілер санаттарын кеңейту бөлігінде өзгеріс енгізіледі.
"Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына азаматтық қызметшілер санаттарын кеңейту бөлігінде өзгеріс енгізіп, техникалық персоналдың жекелеген санаттарына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу жөніндегі мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты қарауды талап етеді. Сонымен бірге, мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбек ақы төлеуді жетілдіру жөнінде сындарлы ұсыныстар әзірлеуге дайын екендігін білдіреді", – делінген құжатта.
Оқи отырыңыз: Астана тұрғындарының орташа жалақысы – 357,3 мың теңге