Автокөлік салоны қосымша құрылғы сатып алуға міндеттесе не істеу керек? Заңгер кеңесі
Айыпхан Мұхамедиев жүргізушілерге техникалық құжатпен жіті танысуға кеңес берді.Алматы қаласында автокөлік сататын салондар темір тұлпар сатып алуға келгендерді қосымша құрылғылар мен аксессуарлар алуға міндеттеген. Автодиллерлердің бұндай бассыздығын тұтынушылар құқығын қорғау комитеті анықтап отыр. Осы орайда заңгер Айыпхан Мұхамедиев көлік сатып алушыларға алданып қалмау үшін не істеу керегін айтты. Бұл туралы ол 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасында айтты.
"Бұл үшін әр адам автосалонға барған кезде техникалық құжатпен танысып, көліктің қандай негізгі және қосымша құралдары бар екенін анықтайды. Кейін тек көлікті заводтан шыққан құрылғыларымен алғысы келетінін айтып, мұны жазбаша түрде көрсетеді. Егер осылай дауласып жүргенде көлігі басқа біреуге сатылып кететін болса, онда ол сот арқылы бүкіл шығынды өндіріп ала алады", – деді Айыпхан Мұхамедиев.
Мұнымен қатар, заңгер тиісті органдардың дәл осындай көп фактіні анықтап отырғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Автонесие бағдарламасына бастапқы жарна енгізу қаншалықты заңды? Заңгер жауабы
"Мыңдаған адамның құқығы бұзылып отырғандықтан, олар сотқа арыздана алады. Қазақстанда бүкіл заңның орындалуын қамтамасыз ететін прокуратура бар. Осы прокуратура кешенді зерттеу жүргізіп, заң бұзған автосалондарды жауапқа тартады", – деді заңгер.