Халықаралық Түркі академиясы Алматы қаласында өтіп жатқан Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған "Мұхтар Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында "Абай жолы" роман эпопеясының әзербайжан тіліндегі жаңа басылымын таныстырды, деп хабарлады Egemen.kz.

Алғаш рет роман 1954 жылы бауырлас әзербайжан тілінде аударылып, Баку қаласында жарық көрген еді. Биыл Түркі академиясы "Абай" романын толықтай қазіргі әзербайжан әліпбиіне түсіріп, заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына орай басып шығарып отыр.

Әзербайжан оқырмандарымен қайта қауышқан роман-эпопея Әзербайжан Республикасының кітапханалары мен ғылыми ұйымдарына таратылады.

Романда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі арқылы қазақ халқының кеңестік кезең қарсаңындағы бүтін бір дәуірі жан-жақты бейнеленген. Аталған туынды әлемнің 120-дан астам тіліне тәржімаланған.


Оқи отырыңыз: Семейде Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткіш ашылды