Атырау облысында наурыздан бері малдың неден қырылып жатқаны анықталды
Бораш Есеновтің қорасындағы 8 бас жылқысы өліп, қалғаны індеттен айықпаған.Ауыл шаруашылығы министрі сынама нәтижесін көрсетті. Бір ай бұрын басталған індеттен сексенге жуық жылқы өлген. Арасында бір шаруаның бірнеше үйір жылқысы қырылып қалған. Малшылар енді кеселмен күресуге биліктен көмек күтіп отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Атырау облысында мал қырылып, шаруалар шығынға батып жатыр. Індет бір ай бұрын Құрманғазы, Исатай және Махамбет аудандарында басталған. Тұрғындардың айтуынша, төрт түлік мал артқы аяғын баса алмай құлайды. Кейін жем-шөп жеуден қалады.
Бораш Есеновтің қорасындағы 8 бас жылқысы өліп, қалғаны індеттен айықпаған.
"Кеше министрлік малға қарамаған, жем-шөп бермеген деп айтып жатыр. Бізде жем-шөп жеткілікті. Бұл далада жайылатын мал, күйі жақсы. Бір індеттен мал дем жетпей, қиналып өліп жатыр. Радиацияның әсері сияқты", – деді шаруа қожалық иесі Бораш Есенов.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр
Жергілікті мал дәрігерлері бұл дерттің емін таппаған соң, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері келіп сынама алып кеткен. Мамандардың айтуынша, жылқылардың асқазан-ішек жолына құрт түскен.
"Қазір эпизотиялық жағдай тұрақты. Ғылыми зерттеу орталығының нәтижесі бойынша жылқы малдары гастрофилез ауруынан өлім-жітімге ұшырау фактілері анықталып отыр", – деді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Азамат Өмірқұл.
Министрліктегілер ауру себебі анықтала салысымен жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті тапсырма бергенін айтады. Ал Ақтөбе облысында айдалада шашылып жатқан мал өлексесінің бұл індетке қатысы жоқ. Сөздерінше, мал аурудан емес, қыстан шыға алмай әлсіреп өлген. Қазір әкімдіктегілер өлекселерді өртеп, даланы тазалап жатыр.
Оқи отырыңыз: