Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, барлық учаскелердегі полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және тұрмыстық қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында күнделікті жұмыс жүргізеді.

Астана қалалық Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Әйгерім Дәркембаева Комуникация қызметінде өткен брифингте осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында 2023 жылы тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотта 6595 әкімшілік іс қаралды. Тұрмыстық тәртіпсіздіктерге қарсы 9090 қорғау ұйғарымы шығарылып, сот құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойды.

Елордалық полиция қызметкерлері құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 4231, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы "Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" бойынша 349 әкімшілік хаттамалар толтырды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 73-2 бабы бойынша – 1 569 хаттама толтырылды.

"Полиция қызметкерлері ҮЕҰ психологтарымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тұрғылықты жеріне барып, оларға құқықтық көмек пен психологиялық қолдау көрсетеді. Қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізеді", – деді Әйгерім Дәркембаева.


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде қандай мәселелер жатыр? Сарапшылар пікірі


Сондай-ақ осы бағытта "Отбасы табысы орталығы" ҚҚ, "Қорғау-Астана" жеке қоры, "Үміт" дағдарыс орталығы және "Қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды қолдаудың интеграциялық орталығы" АҚ өкілдерін тарта отырып, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Осындай проблемалық отбасылармен жұмыстар әр бейсенбі күндері тұрақты түрде жүргізіледі. ҮЕҰ мамандары, оның ішінде психологтар, медиаторлар және заңгерлер отбасылық мәселелерді жан-жақты зерттейді.

2023 жылдың 10 тамызынан бастап бұл әдіс еліміздің барлық аймағында қолданылуда.