Астанада қазақ мектептері аралас мектептерден 2 есе аз
Бас қалада орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді.Астана қаласында жалпы білім беретін 189 мектеп бар болса, солардың басым бөлігі (69 мектеп) – 2 тілде оқытатын аралас мектептер. Ал таза қазақ мектептерінің саны 36 болса, таза орыс тілінде оқытатын мектеп саны – біреу. Дегенмен, бас қалада орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Мұндай деректерді Azattyq Ruhy басылымы Астана қалалық білім басқармасының жауаптарына сүйене отырып хабарлады.
Басылымның жазуынша, Астанада жұмыс істейтін 189 білім ошағының 110-ы – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік, ал 7-уі – республикалық. Осы мектептерде қазір барлығы 285 954 оқушы білім алады.
"Соның ішінде мемлекеттік мектептерде – 234 697, жекеменшік мектептерде – 44 696, республикалық мектептерде 6 561 бала білім алады. 36 қазақ мектебінде 71 702 бала, 1 орыс мектебінде – 293, ал 69 аралас мектепте 161 124 бала оқиды", - делінген білім басқармасының ресми жауабында.
Оқи отырыңыз:
- "Қазақ тілінен" міндетті емтихан: Оқушылар мен ата-аналар не білуі керек
- "Өз тілін білмеу – ұят". "Қазақ тілінен" мемлекеттік емтихан қалай өтіп жатыр
Басылым мәліметше, елорданың білім беру саласында 26 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметі бойынша, қазір Астанадағы мектептерге 154 мұғалім жетіспейді. Оның көбі – орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, арнайы педагогтері.