Арыстағы жарылысқа кінәлі деп сотталған жетеудің үкімі өзгерді
Олар жасаған қылмысының ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.Қазақстан Республикасы Әскери соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2019 жылы Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты Шымкент гарнизоны Әскери сотының 26 шілде 2021 жылы шығарған үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады.
Шымкент горнизоны Әскери сотының үкімі бойынша, барлығы 16 адам кінәлі деп танылған еді. Оның 12-сі төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, ал 4 адамға қатысты шартты түрде – төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.
Қорғаушы тарап қылмыс құрамының жоқтығына байланысты сотталушыларды ақтауды сұрады. Ал прокуратура екі тұлғаға қатысты үкімді нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды, сондай-ақ үш адамға қатысты қосымша жазаны өзгертуді, қалғандарына үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Оқи отырыңыз: Жарылыстар, коррупция, министр отставкалары, Қорғаныс министрлігімен байланысты ең шулы оқиғалар
Апелляциялық сот үкімді өзгертті:
Қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігінің онша ауыр емес қылмыс туралы (ҚК-нің 453-бабы, 2-бөлігі) нормаларын ескере отырып, жеті адам ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Төрт адамға шығарылған үкім ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағынан кодекстің 450-бабының 2-бөлігіне (билікті теріс пайдалану салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет) қайта сараланды. Жазасы 10 жылдан – 7 жылға және 7 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды. Сонымен қатар, оларға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Үкімді қайта саралауға қаржының айыпталушыларға тікелей тапсырылмауы себеп болған. Олар әскери бөлімде өрт дабылы орнатылғаны туралы құжаттарды заңсыз рәсімдеген. Бірақ, іс жүзінде жұмыс толық көлемде аяқталмаған.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық сот қаулысының толық мәтіні 8 желтоқсан күні сағат 18:00-де жарияланады.
Оқи отырыңыз: Айдос Сарым: Жамбыл облысындағы әскери қойманы тексерген инспекторлар жауапқа тартылуы тиіс
Еске сала кетейік, 2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, салдарынан төрт адам қаза тапты. Олардың екеуі – әскери, біреуі бейбіт тұрғын еді. Бір бала эвакуациялау кезінде болған жол апатында көз жұмды.
Ресми мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға жарамсыз деп танылып, құлатылды. Кейін билік жарылыс кезінде үйінен айырылған тұрғындарға баспана салып берді.