Арыста есірткі зертханасы жойылды
Түркістан облысының Арыс қаласында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған ағайынды екі ер адам қолға түсті, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде ағайынды екі ер адамның синтетикалық есірткіні ірі көлемде заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны анықталған.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон, 1,5 тонна прекурсор алынып, оларға сараптама тағайындалды.
"Сондай-ақ реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі өндіру белгілері бар өзге де құрал-жабдықтар тәркіленді. Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ол.