"Ақ жол" фракциясының мүшелері ЖОО-ға емтихан тапсыру арқылы түсуді қосымша нұсқа ретінде енгізуді ұсынды. Бұл туралы парламент мәжілісінің депутаты Айгүл Жұмабаева мәлімдеді. 

"Ақ жол" партиясына ата-аналар ҰБТ мен ұлттық тестілеу орталығына қатысты мәселелер бойынша хабарласып жатыр. Мемлекеттік кәсіпорын осыдан 30 жыл бұрын білім беру сапасын бағалау рәсімдерін ұйымдастыру үшін құрылған. Қазір аталған саладағы абсолют монополист. Кейінгі кезде ҰБТ-ның техникалық бөлігі, оның ішінде әрқайсысы 6 мың теңге тұратын 4 ақылы сынама тестілеуді "Ю-Стади" жеке кәсіпорнына тапсырды. Бұл жаңа проблемалардың туындауына алып келді. "Ю-Стади" тестілеу пунктілерінің көпшілігі облыс орталықтарында орналасқан. Ал жол ақысын ата-аналардың өзі көтеруге мәжбүр. ҰБТ түлектер үшін қорытынды аттестация болмаса да, оның нәтижесі мектеп рейтингіне әлі де әсер етеді. Осы себептен бітіруші сынып ұстаздарға ақы төленбейтін дайындық курсына айналады", – деді Айгүл Жұмабаева. 


Оқи отырыңыз: 


Мұнымен қатар, депутат тестілеу сұрақтарына қатысты шағымдар барына тоқталды. Тарих пәнінің мұғалімдері ұсынылған сайттардағы ақпараттың ҰБТ базасымен сай келмейтінін айтады. Аталған база әзірленетін нақты оқулық тізімі де жоқ. Сабақ кезінде балаларды себебі мен салдарын түсінуді үйретсе, ҰБТ-да тарих пәнінен цифрлар мен маңыздылығы жағынан екінші деңгейдегі оқиғалар туралы сұрақтар келеді. Мектеп бағдарламасы мен ҰБТ базасында айырмашылық бар. Осыған ұқсас қиындық барлық пән бойынша кездеседі.

"Сынақ ҰБТ-ларда бұрынғыдай оқушылар өзімен бірге алып кете алатын қағаз кітапша да жоқ. Олар сұрақтарды есінде сақтай алмайды, ал "Ю-стади" ұпай береді – кері байланыс жоқ. Ал қатемен қалай жұмыс істейді? Сол себепті сынақ ҰБТ-ның қажеттілігі шамалы, ал оған міндеттеп қатыстыру тегін орта білім кепілдігін бұзады. Бұдан өзге түлек біздің ЖОО-ға түспейтін болса, ҰБТ тапсырмаса да болады. Алайда кей мектепте шетелде білім алғысы келетін "Алтын белгі" иелерін тестілеуден өтуге міндеттейді. ҰБТ түлектеріміздің шетелге кетуіне себепші болып қана қоймай, үздік оқушыларға қысым жасаудың құралына айналды", – деді Айгүл Жұмабаева. 

Осы орайда, "Ақ жол" партиясы бірнеше ұсынысын айтты:

  • тестілеу базасын қолжетімді ету, талапқа сай келмейтін сұрақтарды алып тастап, сапаны жақсарту;
  • ірі ауылдар мен аудан орталықтарында тестілеу пунктілерін қалпына келтіру;
  • ҰБТ-мен қатар ЖОО-ға емтихан тапсыруды балама нұсқа ретінде енгізу.

Сондай-ақ, депутаттық сауалда келесі сұрақтарға жауап беруді сұрады:

  1. Ұлттық тестілеу орталығына жыл сайын қанша қаржы бөлінеді?
  2. Жеке тұлғалардың шотына сынақ тестілері үшін бейресми ақша жинау қандай негізде жүргізіледі?