"Алтын орда" базарының салымшы кәсіпкерлері базардың бұрынғы басшысы, қазіргі таңда қамауға алынған Данияр Әлпиевке қатысты қоғамда ақпараттық манипуляция жүріп жатыр деп алаңдаулы. Бүгін "Алтын орда" базарына жиналған олар бұған дейін әлеуметтік желіде үндеу жариялап, "жалған" салымшылар туралы айтқан Данияр Әлпиевтің әйелі Алмагүл Әлпиеваның сөзін жоққа шығарды. 

"Біз "Алтын орда" базарының үшінші павильонының құрылысына ақша салып, әрбіріміз әртүрлі сомада теңгеден өткіздік. Қазір ақшамызды қайтарып беретін ешкім жоқ. Керісінше, Данияр Әлпиевтің әйелі бізді қаралап, "жалған" салымшылар деп атап отыр. Бүкіл құжатты жинап алып кеткен Маржан Есжанова есімді азаматтың табылып, есеп беруін талап етеміз. Біз секілді қаржы құйған 300-ден астам салымшының ақшасы қайтарылсын", – дейді олар. 

Салымшылардың бірі Гүләйім Мақашева 4 миллион теңге өткізгенін айтады. Ол "Алтын Орда" базарында 2004 жылдан бері жұмыс жасайды. Бүгінде ақшасын қайтару үшін құзырлы органдарға арыз түсірген. 

"Біз ақша өткізгенде қолымызға чек берілді, бірақ ешқандай келісімшарт жасалған жоқ. Уәдеге сеніп, 5-6 ай күттік, алайда ақыры іс басшылықтың ауысуымен тынды. Содан кейін өзге де салымшылармен бірге арыздануымызға тура келді", – дейді ол.

Салымшылардың өздері 300 адам құрылыс жұмыстары үшін жалпы сомасы 1,6 миллиард теңге бергенін айтады. 


Оқи отырыңыз:


Еске салайық, Данияр Әлпиев 2023 жылғы желтоқсанда Қарасай ауданының прокуратурасына түсініктеме беру үшін барған кезінде қамауға алынған болатын. Данияр Әлпиев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлімі бойынша "аса ірі көлемдегі алаяқтық" жасады деген күдікке ілініп отыр.

Бұдан кейін Данияр Әлпиевтің жұбайы Алмагүл Мергенбаева бірнеше рет бейнеүндеу жасап, жұбайын босатуды және істің әділ қаралуын талап еткен болатын.