Алматы облысы Қарасай аудандық сотында "Алтын Орда" базары басшысының орынбасары Эрмек Марқабаевтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі өтті. 

Эрмек Марқабаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының төртінші бөлігі бойынша есірткі затын сақтады деген айып тағылған. Еске салайық, Эрмек Марқабаев ұсталған уақытта полиция оның қалтасынан есірткі заты табылғанын хабарлған болатын. 

Жарыссөз барысында адвокат Динара Жұбатова қылмыстық істе тергеушілер ең негізгі зат айғақ – есірткі оралған түйіншекті ұсынбағанын айтты.

"Айыптаушылар оның қалтасынан есірткі салынған түйіншек табылғанын айтты. Алайда видеодан арнайы бөлімше қызметкері Марқабаевтың басына майка кигізіп жатқанда қолы оның бел тұсынан өткенін байқауға болады. Біз оның қалтасына есірткіні әдейі салғанына сенімдіміз", – деді адвокат.


Оқи отырыңыз: Алматыда ұсталған қырғыз кәсіпкердің туыстары Бішкекте қарсылық акциясын ұйымдастырды


Ол, сондай-ақ, 2023 жылы айыпталушыдан тәркіленген BMW X7 көлігінің арада бес күн өткенде терезесі сынып, көлік ішінен 5 миллион теңгеге жуық қаражат ұрланғанын еске салды. 

"Бұл Қарасай ауданының полиция басқармасында болды. Оларды кім алғаны белгісіз. Егер осындай қорғалатын аймақтарда ұрлық болып жатса және полиция ұрлықшылардың кім екенін анықтай алмай жатса, онда қылмыстық істің тергелуі туралы не айтуға болады", – деді Динара Жұбатова.

Ал прокурор жарыссөз кезінде айыпталушы Эрмек Марқабаевты бес жыл бас бостандығынан айыруды сұрады


Оқи отырыңыз: Алматы облысында полиция департаментінде 4,5 млн теңге қолды болды


Айта кетейік, сот отырысына тергеу изоляторынан онлайн байланыс арқылы айыпталушы Эрмек Марқабаевтың өзі де қатысты. Ол өзінің қамалуын "Алтын Орда" базарының басшылығындағы қызметімен байланыстырады. 

"Мен 8 айдан бері түрмеде отырмын және не үшін менің аяғымды бұлай шалғанын түсіне алар емеспін. Мені "Алтын Орда" базарындағы монополиямен күрескенім үшін түрмеге отырғызды деп ойлаймын. Өйткені, қызмет еткен кезімде маған өтінішпен де, қоқан-лоқы жасап та хабарласқандар көп. Алайда, мен заң бұзған жоқпын", – деді Эрмек Марқабаев.